Экономист: Халықтың табыс деңгейі Африка елдерімен пара-пар
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, қазақстандықтар табысының 53 пайызын азық-түлікке жұмсайды.Ұлттық статистика бюросы таратқан ресми мәлімет бойынша, қазақстандықтар тапқан табысының 53 пайызын, яғни жартысынан көбін азық-түлікке жұмсайды. Бұл нені білдіреді? Сауалға 31 арна эфирінде экономист Бауыржан Исабеков жауап берді.
Экономистің сөзінше, дамыған елдерде халық табысының 10 пайызын азық-түлік алуға жұмсаса, Шығыс Еуропа елдерінің өзінде бұл көрсеткіш 18 пайыздан әрі аспайды.
"Тіпті, Румынияның өзінде адамадар табысының 24 пайызына азық-түлік алады. Ал біздегі 53 пайыздық көрсеткіш қазір Африка елдерінің жағдайымен пара-пар. Бұл – өте төмен көрсеткіш", – деді Бауыржан Исабеков.
Оқи отырыңыз: "Мен – банкротпын": Қандай жағдайда қарызды қайтармауға болады?
Жағдайды түземесе, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы одан әрі нашарлай түсетінін айтқан ол, сондай-ақ, мәселені шешу үшін қысқа, орта және ұзақмерзімдегі шешімдер қабылдануы қажеттігін атады.
"Мәселен, негізгі төрт салықтың түсімін республикалық бюджетке аудармай, халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында жергілікті аумақтық бюджетте қалдыру керек. Екіншіден, халыққа салық жеңілдіктері берілуі тиіс. Үшіншіден, табиғи байлықтарды игеруден түсетін ренттік салықтарды халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын реттеуге бағыттау қажет", – деді экономист.