eGov.kz порталында үш банкте арнайы шоттарды автоматты түрде ашуға болады. Енді порталда әлеуметтік төлемдерді, жәрдемақыларды және зейнетақыларды рәсімдеу үшін өтініш берген кезде 20 таңбалы шот нөмірін (IBAN) қолмен енгізу қажет емес. Жүйе қолжетімді шоттарды өтініш берушінің ЖСН-і бойынша алады. Жәрдемақы алу үшін арнайы шотты үш банкте ашуға болады: Halyk Bank, Kaspi.kz және "Банк ЦентрКредит".

"Бұрын жеңілдіктер мен төлемдерге өтініш бергенде шот нөмірін қолмен енгізу қажет болатын. Ал пайдаланушылар шот нөмірін енгізу кезінде жиі қателесетін. Енді шотыңыз бола тұра, қажетті банкті дұрыс таңдаған жағдайда, шот автоматты түрде экранда пайда болады. Егер шотыңыз жоқ болса, онда қызметті алу кезінде ашуға болады. Жаңа функция уақытты үнемдейді және әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларды өңдеу процесін айтарлықтай жеңілдетеді", – деді "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ Басқарма Төрағасы Ростислав Коняшкин.


Оқи отырыңыз: Электронды қолтаңбаны еGov порталында смартфонмен алуға болады


Бұл функция Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің келесі әлеуметтік мемлекеттік қызметтерінде қолжетімді:

  • бала тууға және бала күтіміне байланысты жәрдемақы тағайындау;
  • мүгедек баланы тәрбиелеп отырған анасына немесе әкесіне, асырап алушыға (қамқоршыға) жәрдемақы тағайындау;
  • мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды тағайындау;
  • асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар тағайындау;
  • жерлеуге арналған біржолғы төлемді тағайындау;
  • көпбалалы отбасыға мемлекеттік жәрдемақы тағайындау;
  • мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін тағайындау.

Мемлекеттік қызметтерді алу кезінде арнайы шот ашу үшін пайдаланушылар:

  • қажетті қызметті таңдап, міндетті жолдарды толтыру қажет;
  • тізімнен банкті таңдау қажет (Halyk Bank, Kaspi.kz және "Банк Центр Кредит" және т.б.);
  • ақша аудару үшін шотты таңдау қажет (шот банк жүйесінен автоматты түрде алынады);
  • қолжетімді әдістердің бірін пайдаланып, өтінімге қол қою және оның өңделуін күту қажет.

Сұраныс статусы туралы ақпаратты eGov.kz сайтындағы пайдаланушының жеке кабинетінде қадағалауға болады.