eDensaulyk: Медициналық деректерді eGov mobile қосымшасынан көруге болады
Бөлім әлі толықтырылып жатыр.Бұл туралы цифрлық даму министрі Бағдат Мусин хабарлады.
Министрдің жазуынша, қазақстандықтар өздерінің барлық медициналық деректерін eGov mobile қосымшасы арқылы көре алады. Яғни, барлық ақпарат бір бөлімде шоғырланады.
"Дәрі-дәрмектерді тағайындау, диспансерлік есепке алу, медициналық анықтамалар, вакцинация, ауруханаға жатқызу, емделу туралы мәліметтер және басқа да маңызды ақпарат, соның ішінде балалар туралы ақпарат eDensaulyq бөлімінде қолжетімді болады", – деп жазды Бағдат Мусин.
Оқи отырыңыз: Жеке тұлғалар салық бойынша Telegram арқылы көмек ала алады
Министрдің айтуынша, eDensaulyq бөлімі Қазақстан азаматтарының қажетті медициналық деректерімен толыға береді. Осы орайда министр өз деректерінің толықтай жүктелмегенін көрген азаматтардың уайымдамауын сұрады. Бөлім жақын уақытта толық жаңарады.
"Цифрландыру жүрген жерде ашықтық принципі қашанда бірінші орында. Біз осы қосымшаны енгізу арқылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тудыратын кедергілерді жоюға ниеттіміз. Бұдан бөлек, пайдаланушы қосымшада көрсетілген ақпаратпен келіспесе, онда сіз call (1406) орталығына немесе әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Telegram-боты арқылы өтінішін білдіре алады. Осылайша, тиісті мәселелер назарға алынып, олқылықтар жойылатын болады", – деді Бағдат Мусин.