Астана қаласы әкімдігі елордада 8-13 қыркүйек аралығында өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында қандай мәдени шаралар өтетінін таныстырды

Ресми хабарламаға сәйкес, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары бағдарламасы аясында театрлар шеруі, Қазақстан Суретшілер одағының жұмыстарының көрмесін өткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, этношатырда сән көрсетілімдері ұйымдастырылады.  

  • Күн сайын таңертеңнен кешке дейін басты сахнада концерттік бағдарламалар өтеді, оның соңы кешкі гала-концерттер болмақ.
  • Этнофольклорлық ансамбльдер, Қазақ ұлттық оркестрлері, солистер мен би ұжымдары дәстүрлі этникалық стильде өнер көрсетеді.
  • Этноауылда туристер мен қонақтар дәстүрлі және ұлттық тағамдардан дәм татуға болатын Қазақ ұлттық тағамдарының мейрамханалары ұсынылады.

Этноауыл шамамен 10 га жерге орналасады және бірнеше орынға бөлінеді: Орталық алаң, ұлттық ойындарға арналған балалар ойын алаңы, халық музыкасына арналған шатыр, ашық аспан астындағы көшпелі өркениеттер мұражайы, спорттық іс-шаралар, ұлттық тағамдар, басты сахна, аймақтардың этно-қоныстары, қолөнершілер және шығыс базары бар арнайы қала.

Фото: Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Оқи отырыңыз: Көкпардан Қазақстан құрамасы Көшпенділер ойындарына дайындықты күшейтті


Сондай-ақ, этноауыл аумағында көптеген кәдесыйлар табуға болатын нағыз шығыс базары ұйымдастырылады. Қазақстанның 200-ден астам қолөнершісі өз өнімдерін ұсынады.

Оның ішінде қолөнершілер ұлттық бұйымдарды жасау тәсілдерін көрсетеді. Сол сияқты зергерлік бұйымдар, былғары өңдеу, керамикалық мүсін бойынша шеберлік сыныптарын көрсетеді.

Еске салайық, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 8-13 қыркүйекте Астанада өтеді. Іс-шараға әлемнің 89 елінен 2 мыңға жуық қатысушы қатысады. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында спорттың 21 түрінен 97 медаль жиынтығы ойналады.

Толық ақпаратты осы сілтеме бойынша алуға болады.