Дүниежүзілік банк сарапшысы: Орталық Азия елдерінде әлеуметтік төлемдер мөлшері өте төмен
Банктің бас экономисі Уильям Зейтц адамдар үшін еңбек нарығының қолжетімді болуының маңызына тоқталды.Өзімен ұқсас мемлекеттермен салыстырғанда Орталық Азияның әлеуметтік көмек көрсету шараларын және оның мөлшерін көбейтуге мүмкіндігі бар. Осы шаралар елдерде кедейліктің төмендеуіне тікелей әсер ететін еді, деп мәлімдеді дүниежүзілік банктің Орталық Азиядағы кедейлік және теңдік мәселелері жөніндегі бағдарламасының жетекшісі, бас экономисі Уильям Зейтц.
"Еңбек нарығы жылдам қалыпқа келіп жатыр, бірақ барлық жерде бірдей емес. Бұл өте маңызды. Өйткені, жұмыс пен еңбекақының Орталық Азия мен бүкіл әлемдегі кедейлікті төмендететін зор күш екенін көріп отырмыз. 2000 жылдардың басында кедейлік деңгейі жылдам төмендеген болатын. Біріншіден, ол кезде еңбекақы мөлшерін көбейтті. Осы тұста адамдардың осы мәселеге қатысты ойы мен қолымызда бар мәліметтер арасында еш айырмашылық болмағанын айта кеткім келеді. Егер адамдардан "Кедейлікті азайтуға ең бірінші не нәрсе көмектесті?" деп сұрасаңыз, "Еңбек нарығы, жақсы жұмыс және жалақының өсуі" деп жауап береді. Шын мәнінде, еңбекақының жоғары болуы кедейлікті қысқартудың басты қозғалтқышы. Осындай қиындықтарды артта қалдырған әлем елдерінің тәжірибесіне сүйенуге болады. Өйткені, олар қолданған шара әбден орнығып, жемісін берген", – деді Уильям Зейтц.
Мұнымен қатар, сарапшы адамдар үшін еңбек нарығының қолжетімді болуының маңыздылығына тоқталды. Айтуынша, мемлекет жұмыс орындарын тікелей субсидиялау арқылы жұмыс берушінің де қызметкердің де жүгін жеңілдетеді.
"Екіншіден, мемлекет қызметкерлерге ғана емес, жұмыс берушілерге де төленетін салық мөлшерін төмендетсе, көп көмектесетін еді. Еңбек нарығын жылдам қалыпқа келтіру үшін инвестицияларды қолдануға болады. Дәлірек, "жасыл" инвестицияларды жаңа жұмыс орнын құру үшін пайдалану қажет. Көп адам жұмыссыз жүргенде, сұраныс барда бұл өте тиімді. Ең бастысы, осылайша Орталық Азияның еңбек нарығында жеке сектор, негізінен шағын және орта бизнес дамиды", – деді Уильям Зейтц.
Әрі қарай маман әр өңірде шағын және орта бизнесті тежейтін факторларды жоюға кеңес берді. Әр өңірде экономикалық өсімнің әртүрлі болатынын еске салып, көші-қонды реттеу қажеттілігі туралы сөз қозғады. Яғни – жұмыс көп өңірге еңбекке жарамды азаматтардың көшіп баруына жағдай жасау және керісінше адамдар көп шоғырланған жерлерде жаңа жұмыс орындарын құру.
"Үшіншіден, әлеуметтік көмек көрсету. Кедейлік деңгейін төмендету үшін адамдарға ақша беру қажет. Қанша адамның әлеуметтік тұрмыстық деңгейі кедейлік шегінде тұрғанын анықтап, оларға, ең болмаса, базалық қажеттіліктерін толық жабатындай ақша берген жөн. Егер Орталық Азияны өзімен табысы ұқсас елдермен салыстыратын болсақ, онда әлеуметтік төлемдердің тым аз екенін көреміз. Бұл Орталық Азияның әлеуметтік көмек шараларын бұдан да арттыра алады деген сөз. Әлеуметтік төлемдер көбейген кезде, ол кедейлікке механикалық түрде жылдам әсер етеді. Сондай-ақ, тек әлеуметтік төлеммен қамтып қана қоймай, оның мөлшерін де арттыра түсу қажет", – деді Уильям Зейтц.