Димаштың анасы: Діни көзқарасқа байланысты ұлттық салт-дәстүрден ажырап бара жатқанымыз алаңдатады
Светлана Айтпаева тәрбие мәселесін мектеп пен ұстаздарға жүктемеуге шақырды.Қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің анасы Светлана Айтбаева жастардың діни көзқарасына байланысты қазақы салт-дәстүрден ажырап бара жатқанына алаңдаушылық білдірді. Осы орайда ол ұлттық құндылықтарға көбірек мән беру қажет екенін алға тартты. Бұл туралы мәдениет қайраткері Астанада өтіп жатқан Тамыз кеңесінде айтты.
"Бір өкінетіні қазір діни көзқарасқа байланысты ұлттық құндылықтарымыздан теріс бағытта кетіп бара жатырмыз. Өзгенің таныс емес дүниелерін дұрыс көріп, салт-дәстүрімізден ажырап жатырмыз. Ұлттық сана-сезім, ата-бабамыздан беріліп келе жатқан үлкен жолдан айнып бара жатқандаймыз. Ұлттық құндылыққа тәрбиелеу тек мектеп пен мұғалім еншісінде деп қарамауымыз керек. Қоғамдағы әрқайсымыз ұлттық болмысыздың бейнесі болатын ұлттық құндылықтарды сіңіртудің жолын ойлануымыз қажет. Біз үшін басты құндылық – тіліміз бен дініміз", – деді Светлана Айтпаева.
Мұнымен қатар мәдениет қайраткері қоғамда құндылықтарға қатысты сөздердің жаттанды ұғымға айналғанын атап өтіп, қазақы құндылықтарды бағалауға шақырды.
Оқи отырыңыз: Қыркүйекте жас жұбайларға арналған ақпараттық-түсіндіру шаралары басталады
"Адам баласы жанына жақын, жоғары бағалайтын дүниелерді құнды деп санайды. Мәдени, рухани құндылық, киім мен құнды заттар, адамның асыл қасиеттері осының барлығы құндылық. Десе де осының барлығының ар жағында ұлттың бет-бейнесін, ұлттық болмысымызды көрсететін қазақи құндылықтар тұр, – деді Светлана Айтпаева.