Депутаттар Ресейден келген азаматтар үшін бейімдеу орталықтарын ашуды ұсынды
Бейімдеу орталықтарының аясында қазақ тілі курстарын ашылуы қажет."Ақ жол" фракциясының депутаттары Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында Ресейден келген және Қазақстанда қалуға құлықты азаматтар үшін беймідеу орталықтарын ашуды ұсынды.
"Еліміздің басты байлығы – Тәуелсіздігіміз, жер тұтастығымыз, елдің амандығы мен халқымыздың бейбіт өмірі. Әртүрлі себептермен біздің елімізге қоныс аударуға мәжбүр болған шетел азаматтарының арасынан бүгін Қазақстан өндірісінде қажет, жетіспейтін техникалық, IT саласының және тағы басқа мамандар өз орындарын тауып, ел экономикасына пайдасын тигізіп, бір кірпіш болып қаланса, оған біз бизнес партиясы ретінде түсіністікпен қараймыз", – деді Азат Перуашев.
Оқи отырыңыз: Айыппұл 92 мың теңге. Шетел азаматына пәтерді жалға берерде не білу керек?
Мәжілісмендер бұл орайда ресейліктерге арнап бейімдеу орталықтарын ашуды ұсынды. Оған сәйкес, бұл орталықтарда оларға:
- Қазақстан тарихымен, мәдениеті мен тұрмыс-салтымен, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпымен таныстыру;
- Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын түсіндіріп, құқықтық кеңес беру;
- қазақ тілі курстарын ашу және әрбір көшіп келген шетел азаматын бейімдеу орталығынан өтуді міндеттеу жұмыстары жүргізілуі керек.
Депутаттар, сондай-ақ әрбір қоныс аударушының қос азаматтық фактісі бойынша тексеру жүргізіп, нәтижесі бойынша тиесілі құқықтық шара қолдануды ұсынды.