Депутат: Жеміс-жидекті Беларусь пен Ресейге экспорттау үш есе пайда әкеледі
Бұл елдерде қазақстандық бақша өнімдеріне сұраныс жоғары.Қазақстанда 2022 жылы алма ағаштары жақсы өнім берген, алайда оның басым бөлігін өткізуге қатысты үлкен проблемалар болып, ағаш басында жиналмай қалып қойған. Бұл туралы мәжілісмен Фахриддин Қаратаев Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғаринге жолдаған депутаттық сауалында айтты.
Депутаттың айтуынша, сауда желілері мен делдалдар ұсынатын сатып алу бағалары төмен: бір келіге – 100-150 теңге.
"Сондықтан, бақшаның бір бөлігін жинау экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Жеміс-жидектің бір бөлігін Беларусь не Ресейге экспортқа жіберу осы тығырықтан шығарады. Еуразиялық экономикалық одақ бойынша солтүстік көршілер тарапынан жемістерге сұраныс бар және олар бір килограмға ең аз дегенде 300 теңге төлеуге дайын. Алайда Қазақстанда дайындау және өткізу жүйесінің болмауы жемісті тиеп-жөнелтуге айтарлықтай кедергі келтіреді", – деді депутат.
Оқи отырыңыз: Ауыл шаруашылығы министрі: Базардағы ет бағасына мен жауап бермеймін
Депутат өз ұсыныстарын ескере отырып, бірқатар шара қабылдауды сұрады:
- Алма экспортына жағдай жасау, Қазақстандағы көтерме-бөлу база орталықтары желісінің даму барысы туралы ақпарат беру, экспорттық өнімді салқындату, сұрыптау және орау үшін жағдай жасау.
- Сауда желілерінің сөрелерінде отандық өнімге басымдық беру мәселесін пысықтау және ынталандыру шараларын қолдану;
- Ірі қалаларда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер өз өнімдерін делдалсыз сата алуы үшін көтерме сауда нүктелерін көбейту;
- Барлық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер мен қайта өңдеушілер үшін интернеттегі электрондық сауда алаңын іске қосу (осыған ұқсас алаң көрші елдерде – Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстанда бар).