Парламент мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаев елдегі ірі сауда үйіне бойкот жариялауға қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, бұл жұмыс беруші мен жұмысшының арасындағы дау және саяси, қоғамдық резонанс тудыру қажет емес. 

"Біріншіден, манипуляцияға жол беруге болмайды. Мен бұл мәселені зерттедім, қарадым. Бұл тек Еңбек кодексі аясында реттелетін дүние. Бұл жұмыс беруші мен жұмысшының қарым-қатынасы. Одан бір саяси, қоғамдық резонанс тудырып, қазақ тілі қорланып жатыр деген әңгіме емес. Бұл – жеке бастың дауы. Осы жазып алған бейнекамералар жоқ. Қандай әңгіме айтылғанын біз білмейміз. Сол себептен, менің ойымша, Магнум да, қоғамдағы көп белсенділер де тек манипуляцияға алданып отырған сияқты", – деді Елнұр Бейсенбаев. 

Мұнымен қатар, депутат аталған сауда үйінің көптеген қазақ тілді қазақстандықты жұмыспен қамтып отырғанын еске салды. 


Оқи отырыңыз: Қазақстандық ірі сауда үйіне бойкот: Бұған қазақ тілінің қатысы қанша


"Ол біздің ішіміздегі кәсіпкер, қаншама қызмет беріп жатыр. Қаншама қазақ жастары Магнумда жұмыс істеп жүр. Одан қалса, екі қазақ баласының арасындағы конфликт. Менің ойымша, одан бір дау тудырып, қаншама адам жұмыссыз қалады деп, бұлай айту қажет емес дүние деп есептеймін. Сіздер де, бұқаралық ақпарат құралдары, осындай тексерілмеген, нақты ақпараты жоқ, баяғыда айтатын еді ғой "самаурыннан су кетті десе, Самарқандты су алды деген" әңгіменің пұшпағында кетудің қажеті жоқ. Қою керек қой ондай нәрсені. Ол біздер Парламентте немесе сіздер талқылайтын дүние емес", – деп қосты ол.

Еске салайық, әлеуметтік желі қолданушыларының бірі Magnum сауда желісінен үйіне азық-түлікке тапсырыс беріп, оны әкелген курьердің өзінен өз үйінде қазақша сөйлеуді талап еткенін жазған еді. Курьердің қазақ тілінде "Атың кім?" деп қойған сұрағына ол орысша жауап берген. Бұған ашуланған курьер "Қазақша сөйле" деген. Осы оқиғаға байланысты желі қолданушысы Magnum сауда желісіне шағымданып, кейін компания курьерді жұмыстан шығарғанын хабарлаған еді. 

Бұл оқиға әлеуметтік желіде қызу талқыланып, пікірлер екіге жарылды. Қазақша сөйлеуді талап еткен курьерді жақтаған топ желіде Magnum сауда желісінен қарсы бойкот жариялады. 

Осыған орай, компания Instagram желісінде оқиғаға қатысты түсініктеме беріп, курьердің жұмыстан не үшін шығарылғанын түсіндірді.