2023 жылдың 10 ақпанына қарай 2 623 010 адам банктегі салымның 10 пайызы көлемінде өтемақы алу үшін өтініш берді. Сыйлықақының жалпы сомасы 307,5 млрд теңгені құрайды, деп хабарлайды Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры.

Түпкілікті өтемақы сомасы 23 ақпаннан кейін өзгеруі мүмкін. Сәйкесінше салымшы 24 ақпаннан бастап, өз депозитінен ішінара немесе толығымен ақша алуға құқылы. Бұл ретте өтемақысы жойылмайды.

"Сыйлықақы салым бойынша банк төлейтін сыйақы мөлшерлемесінен бөлек есептеледі. Сондықтан салымнан жартылай немесе толық көлемде ақша алар кезде банк шартының талаптарына назар аударған жөн. Онда салымнан мерзімінен бұрын ақша алуға байланысты сыйақының бір бөлігі жойылатындығы айтылуы мүмкін. 10% мөлшерінде өтемақы төлеуді көздейтін, теңгелік салымдарды қорғау бағдарламасы жинақ, мерзімді, мерзімсіз, білім беру жинақтау салымдарына және тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы жүйесіндегі жинақ қаражаттарға қолданылды. Бағдарлама 2023 жылы 23 ақпанда аяқталды", – делінген хабарламада. 


Оқи отырыңыз: "30/70" тұрғын үй несиесі: Қалай 90 млн теңгеге дейінгі сомада ипотека алуға болады?


Өтемақы сомасының 50% мөлшері ҚР Қаржы министрлігінің қаражаты есебінен, қалған 50%-ы Қазақстанның Ұлттық Банкінің қаражаты есебінен төленеді.   

Төлем процесінің жүзеге асу реті: 

  1. Банктер 2023 жылдың 23 ақпанынан кейін жеті жұмыс күні ішінде ҚДКБҚ-ға өтемақы төленетін депозиттердің тізілімін ұсынады. 
  2. Одан ары қор қағидаларда регламенттелген мерзімде "Проблемалық кредиттер қоры" АҚ-ға өтемақы сомасы бойынша мәліметтер жолдайды.   
  3. Деректерді алған соң, ПКҚ сыйлықақының жалпы сомасының 50 пайызын аударуды жүзеге асыру бойынша "Қазақстанның орнықтылық қоры" АҚ-қа тапсырма хат жолдайды.
  4. ҚР Қаржы министрлігі республикалық бюджетте көзделген қаражат шегінде өтемақы төлеуге бөлінген соманы "ПКҚ" АҚ-қа аударады. Қазақстанның ұлттық банкі де қаражатты осындай тәртіппен "Қазақстанның орнықтылық қоры" АҚ-ға аударады.
  5. Бағдарлама операторлары алынған қаражаттарды 50%-дан екі траншпен банктерге аударады. Бұдан ары екінші деңгейдегі банктер екі жұмыс күні ішінде өтемақы сомаларын депозиторлардың ағымдағы шоттарына аударады.    

Осыған байланысты ҚДКБҚ сыйлықақы есептеу үшін салымшыларға қолданыста ағымдағы шоттарының бар екендігін тексеруге және қажет болса ашуға кеңес береді.


Оқи отырыңыз: Кәсіп бастауға қалай 1,4 млн теңге қайтарымсыз грант алуға болады? Шағын нұсқаулық


Өтемақыны есептеу және төлеу бойынша толығырақ ақпарат алу үшін салымшылар депозиттері ашылған банктерге жүгінулері тиіс.