Денсаулық сақтау вице-министрі мобильді бригадалар қандай жағдайда ПТР-тестін жасайтынын түсіндірді
Ажар Ғиният екпе алмағандарға басымдық беретін алгоритмнің жоқ екенін мәлімдеді.Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният науқастарға шақыртумен баратын мобильді бригадалардың қандай жағдайда ПТР-тест жасайтынын нақтылады.
"Мобильді бригаданың құрамында дәрігер болады. Сол дәрігер науқастың белгілеріне қарап, қандай ауруға шалдыққанын анықтайды. Егер мобильді бригаданы шақырған азамат КВИ-мен ауырған адаммен байланыста болған болса немесе онда нақты коронавирустың белгілері байқалса, ПТР-тест алынуы керек. Диарея, құсу секілді белгілер басқа да инфекциялық ауруларда кездеседі. Соның ішінде іш ауруларында. Ал дәрігер науқаста басқа диагноз екенін болжаса, онда ПТР-тест алынбайды", – деді Ажар Ғиният.
Оқи отырыңыз: Денсаулық сақтау министрі Ashyq лидерлеріне қандай жеңілдік жасалатынын хабарлады
Сондай-ақ, вице-министр нақты қандай ауру белгілері болғанда ПТР-тест алынуы керегін айтты. Ол – жедел респираторлық инфекция белгілері:
- дене қызуының көтерілуі;
- жөтел;
- тамақтың қызаруы;
- бүкіл дененің ауыруы, яғни интоксикация белгілері.
"Эпидемиологиялық анамнездің айқындалуы үшін науқастың КВИ-мен ауырған адаммен байланыста болған-болмағанын немесе көпшілік шоғырланған жерге барған-бармағанын оның ата-анасы, өзі айтуы керек. Сондай-ақ, министрлік тарапынан мобильді бригадалар басымдықты екпе алмаған азаматтарға беруі керек деген алгоритм берілген жоқ. Ал диагностиканы қалай жүргізу керек, қандай анализ алып, қандай ем тағайындау керектігі нақты белгіленген", – деді Ажар Ғиният.
Еске салсақ, Денсаулық сақтау министрі Ashyq лидерлеріне қандай жеңілдік жасалатынын хабарлады. 9 тамыздан бастап Ashyq лидерлеріне сағат 24:00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етіледі.