Дәулет Мұқаев "Жас отбасы" ипотекасының бастапқы жарнасын 10 пайыздан асырмауды сұрады
Сондай-ақ, мәжіліс депутаты жастарға берілетін жалдамалы пәтер санын арттыру қажет екенін айтты.Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев "Бақытты отбасы", "Шаңырақ" бағдарламаларының талаптарына өзгеріс енгізуді, "7-20-25". бағдарламасының лимитін алып тастауды және жұмыс істейтін жастарға берілетін жалдамалы пәтер санын арттыруды сұрады. Ол бұл туралы премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдаған депутаттық сауалында айтты.
"Бақытты отбасы" бағдарламасы елімізде 2019 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Жыл сайын бюджеттен 50 миллиард теңге төңірегінде ақша аударылып, 8 мыңға жуық отбасы үйлі болды. Бағдарлама аясында максималды несиелеу сомасы аймақтар бойынша (Алматы, Астана, Шымкент, Атырау, Ақтау) 15 миллион теңгеге тең еді. 2019-2020 жылдары бұл ақшаға 2 бөлмелі үй алуға мүмкіндік болса, қазіргі уақытта пәтер бағасы өскеннен тек 1 бөлмелі үй алуға мәжбүр. Көпбалалы отбасылар, кемі 4 баласы болса, ата-анасымен 6 адам болады. Дәл қазіргі уақытта жаңа үйлер конкурс негізінде берілгендіктен, кейбір отбасылар 32-40 шаршы метрлік бір бөлмелі пәтерде тұруға мәжбүр" – деді Дәулет Мұқаев.
Оқи отырыңыз: "Бақытты отбасы" - 2023: Жаңа шарттар қашан күшіне енеді?
Депутат Қазақстанда үйленген жастардың 40 пайызға жуығы ажырасып кететінін айтты. Депутаттың пікірінше, оның басты себебі – материалдық қажеттілік, оның ішінде баспана мәселесі. Сол себепті ол "Жас отбасы" бағдарламасының бастапқы жарнасын 10 пайыздан аспайтындай мөлшерде бекітуді ұсынды.
"7-20-25" бағдарламасының ұйымдастырушылары "ақша бар, бәрі жақсы, бағдарлама жұмыс істеп тұр" деп көрсетеді. Бірақ неге бұл жағдайда "7-20-25" бағдарламасы бойынша қазір Қазақстанда бірде-бір банк ипотека бермейді? Себебі маусым сайын лимит қойып қойған. Халық банктер алдында түнеуге мәжбүр. Бұл тұрғыда "7-20-25" бағдарламасы бойынша лимитті алып тастау қажет. Бағдарлама 2029 жылға дейін созылады дегенімен, оған дейін аты бар заты жоқ бағдарламаға айналуы әбден мүмкін. Мыңдаған адам банктен мақұлдау алғанымен, лимит кесірінен үйдің кілтін ала алмай жүр", – деді депутат.
Оқи отырыңыз: 2-10-20 және 5-10-20. Қазақстандағы ең төмен пайызды ипотекаларға шолу
Сонымен қатар Дәулет Мұқаев жұмыс істейтін жастарға берілетін жалдамалы пәтер бағдарламасының жұмысын сынға алды.
"Жыл сайын Астана, Алматы, Шымкент қалаларында кемі мың пәтерден 3 мың пәтерге дейін берілу керек еді. Алайда, үйдің уақытында салынбауынан жастар жалдамалы пәтерлерін өткен жылы толық алмады. Яғни, бағдарлама істеп тұрған жоқ. Жастар санаты 29 жастан 35 жасқа дейін өскендіктен, алдағы уақытта берілетін пәтерлер саны да өсуді талап етеді. Әрі бұл бағдарлама тек 3 қаламен ғана шектелмей, еліміздің барлық аймақтарында іске қосылу керек", – деді ол.