"Дарын" сыйлығы енді 35 жасқа дейінгі қазақстандықтарға берілмек
Сондай-ақ, сыйлық Тәуелсіздік күні емес, Республика күніне орай табысталады.Қазақстанда "Дарын" жастар сыйлығын және "Тәуелсіздік ұрпақтары" грантын беру тәртібіне өзгерістер енгізу жоспарланып отыр. Құжат жобасы Ашық НҚА порталында жарияланды.
Қазақстанда мемлекеттік жастар саясатына өзгертулер енгізу арқылы "жастар" санатына 35 жасқа дейінгі азаматтар жатқызылды. Соған орай, "Дарын" сыйлығы да, "Тәуелсіздік ұрпақтары" гранты да енді 35 жасқа дейінгі азаматтарға беріледі (грантты 14-35 жас аралығындағы жастар иеленеді).
Сондай-ақ, "Дарын" жастар сыйлығы табыстау мерзімі де өзгермек. Бұған дейін аталған сыйлық Тәуелсіздік күніне орай беріліп келсе, енді Республика күніне ұлттық мәртебе берілуіне байланысты "Дарын" жастар сыйлығы 25 қазан – Республика күні қарсаңында табысталады.
Оқи отырыңыз: Димаштан Иманбекке дейін. Шетелде танылып, кейін елімізде мойындалған қазақстандықтар
Еске салайық, биыл "Дарын" жастар сыйлығының лауреаттары 22 қарашада белгілі болды. "Дарын" сыйлығын биыл шахматшы қыздар Бибісара Асаубаева мен Жансая Әбдімәлік иеленді.
"Дарын" сыйлығының биылғы лауреаттарының толық тізімін осы жерден оқуға болады.
Құжат жобасы 11 қаңтарға дейін қоғам талқысына ұсынылған.