Қазақстанның Украина мен Молдова республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Дархан Қалетаев 31 арнаға берген сұхбатында Украинадағы жағдайға қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, Украина-Ресей шиеленісі елдің экономикасына өте күрделі өзгерістер енгізіп жатыр.

"Украинада болып жатқан жағдайды өздеріңіз көріп біліп отырсыздар. Бұл мәселелер Украина экономикасына өте күрделі өзгерістер енгізіп жатыр. Бүгінгі таңда, әрине, халықтың көңіл-күйі түсіп кеткен. Біреу үйіңе есігіңді теуіп кіріп жатса, қандай сезімде болар едің", – деді Дархан Қалетаев. 


Оқи отырыңыз:


Өзінің Киев қаласында екенін айтқан елші қалада ахуал тыныш екеніне және "хаос болып жатыр" деген ақпараттың жай қауесет екеніне тоқталды. Оның сөзінше, Украинадағы консулдық тіркеуде 2 мыңға жуық Қазақстан азаматы бар.

"Олардың бәрімен тікелей хабардамыз. Қауіп төнген жағдайда қалай жұмыс істеуіміз керек екені жөнінде жоспарымыз бар. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігімен бұл мәселе келісілген. Әрине, ең бастысы – әуе жолы. Жаңа ғана Air Astana әуе компаниясының басшылығымен тікелей телефон арқылы келіссөз жүргіздім. Қалай жұмыс істеуіміз керек екені жөнінде толық түсінік бар. Егер әуе жолы жабылса, басқа да жолдар бар", – деді елші.