Дархан Мыңбай: Ақпараттың уақытылы жарияланбауы шындықтың бұрмалануына әкеледі
Мәжіліс депутаты мемлекеттік органдардың ақпаратқа қол жеткізу саласындағы қызметін қоғамдық кеңестердің бақылауы керегін айтты.Мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының мониторингі көрсеткендей, бөлімдердің көпшілігі ақпаратпен толықтырылмайды не ақпарат декларативті сипатта немесе ескі болады. Қазақстан Республикасы конституциясының 18-бабының 3-тармағына сәйкес мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар әрбір азаматқа өзінің құқықтары мен мүдделеріне қатысты құжаттармен, шешімдермен және ақпарат көздерімен танысу мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті. Осы орайда бірнеше ұсынысымыз бар, деп мәлімдеді парламенті мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай.
Қазақстанда ең алдымен мемлекеттің транспаренттілігі мен есептілігін арттыруға бағытталған институционалдық реформаны ілгерілету мен іске асыру мақсатында әзірленген "Ақпаратқа қол жеткізу туралы" Қазақстан Республикасының заңы қабылданды. Осы заңның 16-бабында интернет-ресурстарда орналастыруға тиіс ақпараттың тізбесі көзделген.
"Алайда, мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының мониторингі көрсеткендей, бөлімдердің көпшілігі ақпаратпен толықтырылмайды не ақпарат декларативті сипатта немесе ескі болады. Мысалы, ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында: "Ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы" бөлімінде тиісті ақпарат жоқ, соңғы рет 2020 жылдың қараша айында жаңартылған. Оның орнына сыбайлас жемқорлық деңгейін қысқарту бойынша жоба орналастырылған. Ал мемлекет басшысы Екібастұз қаласында өткен кеңесте азық-түлік тауарларының бағасы 10,4% қымбаттағанын, көкөніс бағасының да шарықтап тұрғанын қатты сынға алды", – деді Дархан Мыңбай.
Мұнымен қатар, мәжіліс депутаты ішкі істер мен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің интернет ресурсын мысалға алды. Айтуынша, деректердің толықтырылмауы "Электрондық үкімет" веб-порталында да байқалады. Ашық үкімет компоненттерін пайдаланушылар жазған пікірлер жауапсыз қалған немесе оларға "сырғытпа" жауап берілген.
"Ашық деректер" порталын толықтыру ылғи кешіктіріледі. Біздің ойымызша, қажетті, объективті және шынайы ақпараттың болмауы шындықтың бұрмалануына әкеліп соқтырады. Сондықтан, жұртшылық үшін, оның ішінде БАҚ қызметкерлері үшін объективті ақпаратқа қол жеткізу жеңіл, тез және тиімді болатын жағдайлар жасау маңызды. Бұл кез келген өркениетті қоғам үшін және біздің еліміз үшін өзекті болып табылады", – деп қосты Дархан Мыңбай.
Осы орайда, ақпаратқа қолжетімділік жағдайын жақсарту мақсатында бірнеше ұсыныс айтты:
- Жоғарыда келтірілген мысалдар бойынша талдау жасалынып, алдағы уақытта заңсыздықтарға жол бермеу механизмі қарастырылсын;
- Аталған заңның 6-2-бабына сәйкес ақпаратқа қол жеткізу саласындағы уәкілетті орган министрліктер мен басқа квазимемлекеттік субъектілердің қызметіне мониторинг және ведомствоаралық үйлестіру бойынша жұмысын БАҚ-та және әлеуметтік желілерде ұдайы жариялап отырсын;
- Интернет-ресурстарда және "электрондық үкімет" веб-порталында деректерді жаңарту үшін мемлекеттік органдардың іс-қимылдарының барынша ашықтығын қамтамасыз ету;
- Мемлекеттік органдардың ақпаратқа қол жеткізу саласындағы қызметін қоғамдық кеңестер бақылауға алсын.
Еске салсақ, Қазақстанда Pfizer вакцинасы туралы ақпарат жинақталған сайт ашылды. Pfizer препараты Қазақстанға 14 қарашада келеді.