Darkhan Juzz-дың "Әуе" альбомы BEU жүлдесін иеленді
Алматыда Qazaqstan телерадиокорпорациясы мен BEU радиосының Beu Awards-2023 заманауи музыка жүлдесінің жеңімпаздарын марапаттау шарасы өтті.
Шарада Darkhan Juzz атымен танымал болған қазақстандық музыкант Дархан Жүнісбековтің Aue альбомы "Үздік альбом" атанды. Жүлде әншінің отбасы мүшелеріне табысталды. Aue – Ozen музыкалық лейблінің қолдауымен жарыққа шыққан әншінің аяқталмай қалған жобасы.
Одан бөлек, бірқатар өнер адамдары келесі аталымдарда үздік танылды:
- "Үздік ән" – Мархаба Сәбидің "Тым бөлек" әні;
- "Үздік кавер" – Ақерке Амаляттың орындауындағы Ерболат Құдайбергеновтың "Мен қазақпын" әні;
- "Үздік орындаушы" – "Тұмандау" әні үшін әнші Айри және "Асықпа" әні үшін Mona Songz атымен танымал отандық әнші Манарбек Жұматай;
- "Үздік топ" – Ninety One тобы;
- "Үздік саундтрек" – "Бәрі өз қолыңда" қазақстандық фильмінің саундтрегі – Мирас Жүгінісовтің орындауындағы "Саяхат" әні.
Сондай-ақ, "Орда" тобының мүшесі, әнші, продюсер Ерболат Беделхан мен Ozen музыкалық лейблінің негізін қалаушы Айзатулла Хуссейн ұйымдастырушылар тарапынан жүлденің "Қазақстан заманауи музыкасының дамуына қосқан үлесі үшін" жаңа аталымы бойынша марапатталды.
Жеңімпаздарды анықтау BEU радиосының тыңдармандары арасында әлеуметтік желілерде дауыс беру арқылы жүргізілді. Жүлде мақсаты – қазақ заманауи музыка өкілдері арасында түрлі жанрлар мен стильді танымал ету.
Qazaqstan телерадиокорпорациясының бейнемұрағатында дәстүрлі және заманауи ән өкілдерінің "Алтын қоры" сақталған. Ал BEU радиосының фонотекасында заманауи музыка өкілдерінің 3 мыңға жуық туындысы бар.
Жобаның телевизиялық нұсқасы жуырда Qazaqstan арнасының эфирінен көрсетіледі.