Дәрігер қателігі үшін тағайындалатын жазаны жеңілдету ұсынылды
Адам өлімі болған жағдайда 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын 4 жылға дейін бас бостандығын шектеу мерзіміне ауыстыру көзделіп отыр.Денсаулық сақтау министрлігі "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын әзірледі.
"Медицина – бұл білім-ғылыми сала, көп жағдайда аурулардың қалыпсыз, типтік емес симптомдарымен жүреді, ал аурудың салдарын, нәтижесін көбінесе болжау мүмкін емес. Медицина қызметкерлерінің практикалық қызметі қоғамның игілігі үшін үнемі қауіп-қатермен байланысты мамандықтарға жатады, күрделі және жауапты, бірақ өкінішке қарай, бұл ауыр еңбек көп бағаланбай отыр", – деді министр Ажар Ғиният.
Сондықтан да министрлік пациенттердің зиянды өтеу құқықтарын іске асыру үшін медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін міндетті сақтандыру жүйесін кезең-кезеңімен енгізуді жоспарланып отыр.
"Бұл реформа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді және жалпы Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау саласының халықаралық аренадағы жақсы рейтингіне ықпал етеді", – деді министр.
Оқи отырыңыз:
- 2025 жылдан бастап медицина қызметкерін лицензиялау енгізіледі
- Дәрігерлерді қандай қолдау шаралары енгізіледі?
Заң жобасында Қылмыстық кодекстің 317-бабына, яғни "Медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауы" туралы бапқа бірқатар өзгеріс енгізу ұсынылған. Атап айтқанда:
- Денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтірген жағдайда: айыппұл мөлшерін 200 АЕК-тен 100 АЕК-ке дейін,қоғамдық жұмыстарға тарту мөлшерін 200 сағаттан 100 сағатқа азайту, қамаққа алу жазасын 50 тәуліктен 30 тәулікке азайту;
- Денсаулыққа ауыр зиян келтірген жағдайда: бір жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып немесе онсыз, 3000 АЕК мөлшеріндегі айыппұлды 2000 АЕК-ке дейін, түзеу жұмыстарына не 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын 2 жылға төмендету;
- Адам өлімі болған жағдайда: белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 3 жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын 4 жылға дейін бас бостандығын шектеу мерзіміне ауыстыру;
- Екі немесе одан да көп адамның қайтыс болған жағдайда: белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 3 жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын 6 жылға дейін бас бостандығын шектеу жазасына ауыстыру;
- Басқа адамға АИТВ жұқтырған жағдайда: белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 3 жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазасын 5 жылға дейінгі шектеумен толықтыру ұсынылып отыр.
"Бұл байқаусызда болған жағдайларға қатысты жауапкершіліктер. Ал ісіне салғырт қарауына байланысты істердің жауапкершілігі бөлек", – деп түсіндірді министр.
Сонымен қатар заң жобасында пациенттерді сақтандыру төлемінің мөлшері ұсынылған. Пациенттің өміріне немесе денсаулығына келтірілген зиян үшін:
- өлім – 1000 АЕК;
- бірінші топтағы мүгедектік – 800 АЕК;
- екінші топтағы мүгедектік – 600 АЕК;
- үшінші топтағы мүгедектік – 500 АЕК;
- мүгедек бала – 500 АЕК;
- мертігуге, жарақаттануға немесе денсаулықтың мүгедектік белгіленбеген өзге де зақымдануына – пациентті амбулаториялық немесе стационарлық емдеуге іс жүзіндегі шығыстар мөлшерінде – 300 АЕК.
Заң жобасын жұмыс тобы талқылап, мәжіліс қарауына ұсынады.