Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният дәрілік заттарды міндетті таңбалау енгізілгеннен кейін олардың бағасы өспейтінін хабарлады. 

"Дәрілік заттарды таңбалаудың заманауи әдістері қажет. Интернетте Қазақстанның инсулині Өзбекстанда пайда болды деген ақпаратты көзім шалды. Бұл – былтыр тараған, ескірген ақпарат. 2021 жылы осы мәселемен айналыстық. Ал таңбалауды енгізсек, мұндай қиындықтар болмайды. Барлық дәрі-дәрмекті қадағалай аламыз", – деді министр.


Оқи отырыңыз: Ажар Ғиният: 2025 жылға дейін жаңа 500 медицина ұйымы салынады


Ажар Ғинияттың сөзінше, Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасын Денсаулық сақтау министрлігі ғана емес, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі де реттеп, бақылайды.

"Біз шекті бағаны белгілеп, оны қадағалаймыз. Дәрілік заттардың шекті бағасы көтерілсе, заңға сай тиісті шаралар қабылданады. Таңбалаудан кейін шекті бағалар көтерілмеуі керек", – деді денсаулық сақтау министрі.