БҰҰ болжамы: 2100 жылға дейін адамның өмір сүру жасы ұзарады
Коронавирус пандемиясының пайда болуына орай 2020 жылы адам өмірінің ұзақтығыараға ұзақ уақыт салып алғаш рет төмендеді.2020 жылы адамның орташа өмір сүру ұзақтығы 72 жасқа дейін, ал 2021 жылы 71 жасқа дейін қысқарды. Бұл туралы finprom.kz хабарлады.
Өмір сүру ұзақтығы — әлем халқының әл-ауқатының маңызды көрсеткіштерінің бірі. БҰҰ дерегінше, 1950 жылы әлемде орташа өмір сүру ұзақтығы 46,5 жасты құраса, 2019 жылдың өзінде 72,8 жасты құрады, яғни орташа өмір сүру ұзақтығы 26,3 жасқа ұзарған.
Оқи отырыңыз: Қазақстандықтардың орташа жасы – 31,8 жас. Оның экономикаға әсері қандай?
1950 жылдан бері медицинаның, технологияның және өмірдің басқа да салаларының дамуымен әлемде өмір сүру ұзақтығы 2019 жылға дейін шарықтау шегіне жетті. Одан кейін барлық елде коронавирус пандемиясы болып, 2020 жылы адам өмірінің ұзақтығы араға ұзақ жыл салып алғаш рет төмендеді. 2020 жылы адамның орташа өмір сүру ұзақтығы 72 жасқа дейін, ал 2021 жылы 71 жасқа дейін қысқарды.
БҰҰ-ның болжам деректеріне сәйкес, 2022 жылы, биыл және одан кейінгі 2100 жылға дейін адамдардың өмір сүру ұзақтығы артады. 2022 жылы орташа өмір сүру ұзақтығы 71,7 жас болса, биыл 73,4 жас, 2050 жылы 77,2 жас, 2100 жылы 82,1 жас болады деп күтілуде.