"Бұрын жылына 5 мәселе қаралған": Конституциялық Сот алғашқы жеті айда 43 істі қарауына алды
Соның 23-і бойынша тиісті шешім шығарылған.Президент Қасым-Жомарт Тоқаев адам құқықтарын қорғау жүйесінің өкілдерімен кездесу барысында Конституциялық Сот алғашқы 7 айдың ішінде 43 істі қарауына алғанын айтты. Соның 23-і бойынша тиісті шешім шығарылған, деп хабарлайды Ақорда баспасөз қызметі.
"Бұрынғы Конституциялық Кеңес ширек ғасырдың ішінде бар-жоғы 140-қа жуық істі қараған еді. Бұл – жылына небәрі 5 мәселе ғана қаралды деген сөз. Ал Конституциялық Сот алғашқы 7 айдың ішінде 43 істі қарауына алды. Соның 23-і бойынша тиісті шешім шығарылды. Яғни, азаматтар Конституциялық Сотқа тікелей жүгінуге мүмкіндік алды. Бұрын мұндай құқыққа билік институттары ғана ие болған еді", – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оның айтуынша, жұрт Конституциялық сотқа шағымдану арқылы өз құқықтарын қорғап қана қоймайды, сонымен бірге еліміздің бүкіл құқық жүйесін жетілдіруге үлес қосады.
Оқи отырыңыз: Тоқаев: Конституцияның әрбір тармағы мүлтіксіз орындалса ғана әділдік орнығады.
"Азаматтардың омбудсмендермен қарым-қатынасы едәуір жандана түсті. Өтініштердің саны екі есе артты. Конституциялық құқықтың қорғалуына прокурорлық қадағалау шаралары күшейді", – деді ол.