Бурабай ұлттық паркінде сусын мен тағам саудасына тыйым салынды
Демалушылар тамақты өзімен бірге ала келуі керек.Бурабай демалыс аймағында сусын мен тағам өнімдерін сатуға тыйым салынды, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Ұлттық парк басшылығы биылдан бастап демалыс аймағында сусын мен тағам саудасына орын бөлмейтінін хабарлады. Бұл – ажары айшықты аймақты таза ұстау үшін жасалып отырған қадам.
Оқи отырыңыз: Іле Алатауы, Бурабай, Көлсай. Қазақстанда туристер ең көп баратын 5 мекен
Десе де, парк өкілдері қоғамдық орында тазалықты сақтамайтын демалушылардың барлығын бірдей жазалау мүмкін емес екенін айтты. Олардың айтуынша, жазда демалуға келетіндердің көбі көлді қоқысқа толтырып, табиғатқа зиян келтіреді. Мәселен, биыл қыста Бурабай көлдерінен 3 тоннаға жуық қоқыс жиналған. Ал өткен жылы сауда дүңгіршектері қойылмаған жерлер әлдеқайда таза болған. Сондықтан енді Бурабай ұлттық паркінің барлық аумағында сауда орны болмайды. Демалушылар тамағын өзімен бірге ала келуі керек.
"Демалыс аймағының жерлері тек велосипедті жалға беруге, боди-арт үшін және кәдесыйлар сатылымына беріледі. Мұндай шешім Ұлттық парк аумағына санитарлық жүктемені азайту мақсатында қабылданды. Оған қоса, Бурабай тұрғындарының талап-тілектерін ескердік", – деп түсіндірді "Бурабай" мемлекеттік ұлттық табиғи паркі директорының орынбасары Бауыржан Махметов.