Бұдан былай сотқа жеткен іс қайта тергеу үшін прокурорға қайтарылмауы мүмкін
Депутаттар "қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыруға" бағытталған заң жобасын қарап жатыр.Адвокаттардың рөлі күшейтіліп, құқық қорғау органдарына істің кем-кетігін түзетуге мүмкіндік бермейтін нормалар енгізілмек. Енді сот қолына түскен деректер "Адамды кінәлі деп тануға жеткілікті ме, жоқ па?" деген сұраққа жауап беруі қажет. Дәйек жетсе, соттайды немесе ақтайды, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпарттық бағдарламасы.
Айыптаушы мен қорғаушыға теңдей мүмкіндік беру маңызды болып отыр. Ол үшін қылмыстық процестегі адвокаттардың рөлі күшейтілмек, себебі сотқа айыптаушы тарап құрастырған іс түседі. Судьялардың іске қатысты пікірі де соған сәйкес қалыптасуы ықтимал. Демек, тараптарға өз мүдделерін қорғауға теңдей жағдай жасалып отырған жоқ. Сол үшін адвокаттарға айыптау актісіне қарама-қарсы құжат, яғни қорғау актісін сотқа енгізу құқығын беру ұсынылып отыр.
Сондай-ақ, оларға сотқа дейінгі тергеу мәліметтерін жарияламай, күдіктіге тағылған айыпты теріске шығару құқығы берілуі мүмкін. Бастысы, енді қылмыстық істерді негізсіз тіркеуге жол берілмейді. Тергеуге кіріскісі келсе, нақты дәлел ұсынуға тиіс.
Оқи отырыңыз: Алматы облысында сот орындаушысы балалардың алиментін иемденіп алды
"Ұйымдасқан қылмыстық топ дейміз... Жеңіл жаза тағайындалмауын қамтамасыз ету мақсатында біз осылардың жазасын категориясына байланысты ең төменгі шегін көрсетіп жатырмыз. Ал, жекелеген баптар да, керісінше, гуманизация аясында қылмыстық істің жазасын жеңілдетіп жатырмыз", – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Абзал Құспан.