БҚО-да ветеринарларға су жаңа көліктер табыс етілді
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев салтанатты іс-шарада сөз сөйлеп, жаңа көліктердің кілтін өз қолымен табысталды. Республика күніне орай өткен ветеринарлық стансалардың техникалық базасын оңалтуға бағытталған жұмыс алда да жүйелі түрде жалғасын таппақ.
"БҚО аумағында ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бөлінген қаражат былтырғымен салыстырғанда 12% артып, 2 млрд 653 млн теңгені құрады. Ветеринарлық станция мамандарының жалақысы 22% артып, еңбек демалысына шыққанда екі айлық сауықтыруға арналған жәрдемақы төлене бастады. Ветеринарлық станция қызметкерлерінің жұмыс жағдайын жақсарту мақсатында жаңа компьютерлер алынды. Бөкей ордасы ауданы Хан Ордасы ауылында жақын арада жаңа ветеринариялық пункт пайдалануға берілді. Алдағы жылы ветеринарлардың жалақысын тағы да көтеру жоспарланып отыр", – деді салтанатты шарада аймақ басшысы Нариман Төреғалиев.
Қазіргі таңда БҚО ветеринария басқармасына бағынысты 13 ветеринариялық станция және 147 ветеринариялық пункт бар. Ветеринарлар арқылы жылма-жыл белгіленген жоспарлы ветеринариялық-профилактикалық егу, ауыл шаруашылығы малдарын бірдейлендіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Бүгінде бұл ұйымдарда барлығы 806 адам, соның ішінде 620 ветеринарлық маман, 186 әкімшілік қызметші жұмыс істейді.
Биылғы жылдан бастап І және ІІ патогендік топтардың патогенді биологиялық агенттерімен жұмыс істейтін мемлекеттік кәсіпорындар мен мекемелердің ветеринариялық мамандары мен қосалқы персоналына жалақының 35% және 50% мөлшерінде еңбекақыға қосымша ақы және екі лауазымдық айлықақы мөлшерінде сауықтыруға арналған жәрдемақы төленуде. Мал дәрігерінің білімі мен еңбек өтіліміне сәйкес орташа жалақысы 167,0-203,0 мың теңгеге дейін, ветфельдшердің жалақысы 171 мың теңгеге дейін көтеріліп, ветсанитардың жалақысы 93 мың теңгені құрады. Сонымен бірге ветеринариялық препараттарды сақтау үшін 160 тоңазытқыш және 18 инсинератор пештері сатып алынған.