БҚО-да Республика күніне орай жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды
Сырым ауданының Өлеңті ауылында Ұлттық мереке-Республика күніне орай фельдшерлік-акушерлік пункт ғимараты салтанатты түрде ашылып, облыстың денсаулық сақтау саласы жаңа мекемемен толықты. Нысан құрылысы "Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту" пилоттық ұлттық жобасы аясында 2023 жылдың шілде айында басталған болатын. Осындай аз уақытта яғни, 3 айда бой көтерген Өлеңті халқына арналған медициналық мекеме барлық қажетті құрал-жабдықпен қамтылған.
Күніне 15 пациентке дейін қабылдау мүмкіндігі қарастырылған. Өлеңті ауылы аудандық ауруханадан 2 шақырым қашықтықта орналасқан. Бұрын тұрғындар ем алу, алғашқы медициналық көмек алу үшін де аудан орталығына сабылатын болса, енді барлық дәрігерлік қызметке ауылдың ішінде-ақ қол жетімді. Өлеңтіліктер жаңа нысанның ашылғанына балаша қуанып, дән риза болды.
Ауыл тұрғындарының саны – 950, соның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар саны – 235, 1жасқа дейінгі балалар саны – 21, жасөспірімдер саны – 51, ересектер саны – 664. Жыл басынан бастап дүниеге 10 сәби дүниеге келген. Қатерлі ісік және туберкулез ауруы тіркелмепті. "Д" есептегі науқастар саны – 240, соның ішінде балалар – 19, жүкті әйелдер саны жетеу екен.
Фельдшерлік-акушерлік пункттің ашылу салтанатына Батыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Тоқсанов қатысты. Сондай-ақ облыстың құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Нүркен Молдашев та осынан табылды.
"Өлеңті ауылының халқы ұлттық мерекеміз Республика күні қарсаңында денсаулық сақтау саласындағы тағы бір игі істің куәсі болды. Медициналық мекемені салуға өңірдің құрылыс басқармасы тапсырыс беріп, мердігер "Фирма Иском" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмыс атқарды. "Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде" деп дана халқымыз айтқандай, біз үшін ең бастысы-адамның өмірі мен денсаулығы. Бұл фельдшерлік-акушерлік пункт сіздерге тек аурудың алдын алу үшін қызмет етуіне тілектеспін", – деді Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов.
Пилоттық ұлттық жоба аясында ашылып жатырған медициналық нысан – ауыл тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсетуге бағытталған. Яғни халықтың денсаулығын нығайту, онкологиялық ауруларды ерте сатыда анықтау, скрининг тексерістерінің уақытылы жүргізілуі, азаматтардың өмір сүру ұзақтығын арттыруға үлкен септігін тигізетін болады.
Жаңа ғимаратта 2 мейіргер, 1 кіші буын қызметкері жұмыс жасайды. Бекітілген стандартқа сай фельдшер кабинеті, акушер кабинеті, тексеру кабинеті, процедуралық, зарарсыздандыру, егу кабинеті, оқшаулағыш, фильтр, шаруашылық-тұрмыстық үй-жайлар, тіркеу кабинеті, тыныс алу жолдарынан шығатын бөліністерді қабылдау кабинеті, химизатор кабинеті жасақталған. Қажетті медициналық қондырғылар, гинекологиялық кресло, 2 тоңазытқыш, кварц-лампалар, 2 өлшеу құралы, аквадистилятор, құрғатқыш шкаф, кушеткалар, манипуляциялық үстел, медициналық шкаф, жиһаз және, оргтехникамен жабдықталған.
Құрылысқа жалпы 291 545,9 теңге қаражат бөлінген. Жер учаскесінің жалпы аумағы 0,24 га болса, құрылыс алаңы 323,81 м2. Ғимарат құрылысын жүргізген "ИСКОМ" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Рафиг Мамедов барлық жұмысты мерзімінде аяқтау үшін бар күшін салғанын атап өтті. Бұл орайда сапа талаптарын да қатаң ұстаныпты.