БҚО-да инвестициялық жобалар аясында 2 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады
Бұл жобалар жүзеге асса, 1 700 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Аймаққа инвестиция тарту, инвестициялық климатты жақсарту және экспортты ілгерілету жөніндегі өңірлік кеңесте 4 жоба назарға ұсынылды.
Өңір экономикасына стартегиялық серпін сыйлайтын жобаның бірі – Бөрлі ауданындағы Қарашығанақ газ өңдеу өнеркәсібі кешенінің құрылысына қатысты болды. Karachaganak Green Energy Corporation компаниясының вице-президенті кеңеске қатысушыларға аталмыш жобаның маңыздылығын баяндап, 2015 жылғы Париж келісімі бойынша көміртегі бөліндісі көлемін азайту міндеттерін орындауға сеп болатынын атап өтті. Сондай-ақ, ол Қазақстанның аммиак-сутекті жаңа өнеркәсіптік секторын нығайтады. Инвестиция көлемі – 1,4 триллион теңге (3 млрд доллар).
Жоба аясында "КПО б.в." компаниясынан алынатын газды өңдеу жолымен аммиак және электр қуаты өндіріледі. Аммиак өндірісі жылына 2-2,5 млн тоннаны, электр қуаты 250-500 МВт құрайды. 2 700 адам жұмыспен қамтылады.
"Кешен құрылысы барысында 1500, кейін 2027 жылы кешен іске қосылғанда 2700 адам еңбек ететін болады. Жоба Қазақстанның газ өңдеу өнеркәсібін дамытуға, жаңа кәсіптік және технологиялық кластерлерді құруға көмектеседі. Қазба отынға негізделген экономикадан бас тартып, табиғи бай газ көздеріне сүйенетін экономикаға көшуді қамтамасыз етеді. Жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, өңірдегі шаруашылықтарға, бизнеске тұтыну үшін қолжетімді газды жеткізу көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жоба жаңа аммиак-сутегі өнеркәсіптік кластерін дамытуға, ел экономикасын әртараптандыруға ықпал етеді",– деді кеңес отырысында жобаның артықшылықтарын жіпке тізген Karachaganak Green Energy Corporation компаниясының вице-президенті Джованни Капанелли.
Кеңес құрамындағылар ауқымды жобанының әлеуетін талқылап, кешен құрылысын жетілдіруге қатысты ой-пікірлерін ортаға салды. Жиында қаралған тағы бір жоба-білім саласына қатысты. Теректі ауданындағы Подстепный ауылында бір ауысымда 600, екі ауысымда 1200 орындық жеке мектеп құрылысына жұмсалатын инвестицияның көлемі – 2,4 млрд теңгені құрайды.
Нысан бой көтеру кезінде 150 адам еңбекке тартылады. Кейін қолданысқа берілген соң 120 педагог тұрақты жұмыспен қамтылады. Жобаны жүзеге асыру үшін қажет қаржының 70 пайызы несиеге алынып, 30 пайызы меншік қаражаты есебінен жұмсалады. Білім ордасы құрылысын 2023 жылы бастап, 2024 жылы ғимаратты қолданысқа беру көзделіп отыр.
"Мұндай мектептер Қазақстанның 12 облысында жұмыс жасайды. Жобалық-сметалық құжат 2019 жылы жасақталды. Оны жаңартып, толықтырып жатырмыз. Мектеп ғимаратының ауданы 13 000 шаршы метр болады. Бассейн салып, спорт залдар ашамыз", – дейді жаңа жобаны кеңесте таныстырған кәсіпкер Аятжан Ахметжан.
Бұл жоба да кеңес мүшелерінің қолдауына ие болды. Сонымен қатар кездесуде Теректі ауданы аумағындағы "Орал – Ақтөбе" күре жолы бойындағы сервис құрылысының жобасы қарастырылды. Подстепный ауылында салынатын нысан құрылысының бірінші кезеңінде қонақ үй, кафе, паркинг бой көтереді. Жоба іске қосылғанда 20 адамға жұмыс орны ашылмақ. Сервистік кешеннен түсетін жылдық табыс – 300 млн теңге көлемінде деп күтілуде.
Төртінші жоба – тауарлық бетон шығаратын зауыт құрылысы. Жер телімін бөліп, инфрақұрылым желілер тартуға мемлекет тарапынан көмек қажет көрінеді. Жоба құны – 613,6 млн теңгені құрайды. Инвестор жобаны өз қаржысына жүзеге асырғалы отыр.
"Инвестициялық жобаларды жүзеге асырамыз деп ниет білдірген инвесторларға алғыс айтамыз. Газ өңдеу бойынша үлкен жобамен таныстық. Құрылысына қолдау көрсетуге қол ұшын созатын боламыз. Барлық жобалар да сұранысқа ие", – деді кеңес отырысын түйіндеген БҚО әкімі Ғали Есқалиев.
Облыстық инвестициялық кеңес отырысында қолдау тапқан 4 жобаның құны – 1,5 триллион теңге.