"Болашақ" стипендиясын еңбекпен өтеуді кейінге шегеру мүмкіндіктері артады
Кейінге қалдыру мерзімі 12 айдан аспауы тиіс.Ғылым және жоғары білім министрлігі "Болашақ" стипендиаттарының оқу ақысын еңбекпен өтеу мерзімін кейінгі қалдыруына негіз болатын себептер тізімін кеңейтпек. Бұл туралы Ашық НҚА порталында жарияланған ҒЖБМ министрі бұйрығының жобасынан белгілі болды.
Енді "Болашақ" түлектері келесі жағдайларда еңбекпен өтеу мерзімін 1 жылдан аспайтын уақытқа шегере алады:
- докторантура бағдарламасы бойынша академиялық оқуды жалғастыру;
- әлемнің үздік ұйымдарының (Fortune Global 500, Forbes Global 2000, Forbes Top 100 Digital Companies) әлемдік рейтингіне кіретін ұйымдарда өндірістік тағылымдамадан өту;
- Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстаннан тыс жердегі халықаралық ұйымдарында тағылымдамадан өту;
- алған мамандығы бойынша постдокторантурадан өту.
Ескерту: аталған себептер бойынша стипендиат тек бәр мәрте ғана еңбекпен өтеу мерзімін кейінгі қалдыра алады.
Оқи отырыңыз: Шетелде ғылыми тағылымдамадан өтуге өтінім қабылдау басталды
Еске салайық, қазіргі таңда бұл тізімде 4 қана себеп бар:
- еңбек қызметін жүзеге асыруға кедергі болған ауруды емдеу;
- шетелде оқитын зайыбымен немесе жұбайымен ілесіп жүру;
- мемлекеттік немесе әскери қызметші болып табылатын және шетелге уақытша жұмысқа немесе қызметтен өтуге жіберілген зайыбымен немесе жұбайымен ілесіп жүру;
- жүктілік жағдайы, сондай-ақ үш жасқа дейін баланы (балаларды) тәрбиелеу.
Құжат жобасы 25 қаңтарға дейін қоғам талқысына ұсынылған.