Президент Қасым-Жомарт Тоқаев заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, Республика күнін ұлттық мереке деп қайта бекіткен болатын. Атаулы датаның ұлттық сипатта қайта оралуын қалың ел қолдады. Батыс Қазақстан облысында Республика күні аясында 200-ден астам шара жоспарланып, бірнеше күн ілгері түрлі нысандар ашылып, мерекені кең көлемде атап өту басталып кетті. Бүгін Оралда тұңғыш президент алаңында көк туымыз биікке көтеріліп, Республика күні облыс жұртшылығының жаппай гимн орындауымен басталды. Облыс әкімі Ғали Есқалиев жиналған халықты Ұлттық мерекемен құттықтады.

– Баршаңызды бүгінгі тәуелсіз еліміз үшін айшықты мереке Республика күнімен құттықтаймын! Біздің мемлекетіміз жас мемлекет болғанымен болашағымыз айқын, мақсатымыз анық. Алдағы жетер жетістігіміздің жолында бәріміз бірге жұмыла жұмыс жасауымыз қажет. Әрқайсыңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға береке тілеймін, – деді салтанатты шарада сөз алған аймақ басшысы.

БҚО әкімі елдің дамуына үлес қосып жүрген азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттады. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Алғыс хаты Орал қаласының ақпараттық талдау және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Дулат Жүсіпқалевке, "Cinema Park" кинотеатрының директоры Дилара Мұхамбетоваға, БҚО Қазақстан Халқы ассамблеясы жанындағы "Достық" клубының жетекшісі Талғат Чудобаевқа табысталды.

 

Бұдан өзге өз ісін асқан жауапкершілікпен атқарып, еңбекқорлығымен көпке үлгі болып жүрген қызметкерлерге БҚО әкімінің Алғыс хаттары табысталды. Олардың қатарында "Uniserv" ЖШС жүргізушісі Байғали Андиров, "Жайықжылуқуат" АҚ слесарі, жылу және есеп инспекциясының инженері Алтай Кенжебаев, Орал қаласындағы 34 "Балбұлақ" бөбекжайының тәрбиешісі Айымгүл Кенжебаева, "Батыс Қазақстан электр желілерін таратушы торап" ЖШС электр жабдықтарын жөндеу электрслесарі Сәбит Шаяхметов бар. 

– Ұлттық мерекесіз 13 жылдан кейін қайтып келгені-біздер үшін мақтаныш, зор қуаныш. 1990 жылы декларацияға қол қойылды. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болып, мемлекеттіміз алға жасай берсін, –дейді Қазақстан халқы ассамблеясы БҚОФ төрағасының орынбасары Медхат Қамбетов. 

Биыл осы күні кәмелет жасына толған жастарға жеке кәуліктер табыс етілді. 

– Мен бірінші өз куәлігімді алдым. Осындай мереке болып жатқанына қуаныштымын. Барлық қазақстандықтарға бақыт, амандық тілеймін, – дейді салтанатты шарада жеке куәлікке ие болған жас Альбина Әлиева. 

Бірнеше күн бұрын бастау алған мерекелік шара соңында эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт өтіп, соңы отшашуға ұласады.