БҚО блокпосттарының бірінде деструктивті діни ағым өкілдері ұсталды
Батыс Қазақстан облысы полиция қызметкерлері бүгін сағат 03:30 шамасында облыстағы блокпосттардың бірінде “Тойота Альфард” көлігін тоқтатты. Жүргізуші жүк салғышты ашудан бас тартқан, деп хабарлады Ішкі істер министрлігі.
Полиция қызметкерлері жолаушылардың жеке заттарын тінту барысында бір адамнан пышақ тауып алған. Қызметкерлердің “Көлікте тыйым салынған заттар бар ма?” деген сауалына көлік жүргізушісі “жоқ” деп жауап берген.
Полиция қызметкерлері аталған көлікті Абай ауылдық полициясына апару туралы шешім қабылдаған. Жолда күліктілер қашуға тырысқанымен, патрульдік автомашина оны күштеп тоқтатқан.
“Авткөлікті тінту барысында полиция қызметкерлері жүксалғыштан көзден жас ағызатын граната, тегіс ұңғымалы мылтық оқтарын, түрлі маркадағы 50-ден астам ұялы телефон, 6 планшет 23 смарт сағат, сонмен қатар өзге де гаджеттер мен аксессуарлар тауып алды. Мұнан бөлек, ұрлыққа қарсы магнит биркалары алынбаған бірнеше сөмке киім кешек табылды”,–деп жазылған хабарламада.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Министрліктің атап өтуінше, ұсталғандар – деструктивті діни ағым өкілдері және олар Алматыдағы тонау актілеріне және наразылық акцияларына қатысқан.
Ұсталғандардың сөзіне қарағанда, граната мен оқтарды Алматыдағы таныстарынан сатып алған. Ал смартфондар мен аксеуарларды, киім кешектерді дүкендерді тонау кезінде алып кеткен.