Биыл үш ауысымды мектептер саны 24-ке қысқарады
2021-2022 оқу жылында 151 мектеп үш ауысымда жұмыс істеген.Биылдан бастап оқу жылының ұзақтығын арттыру үш ауысыммен оқитын мектептер санының қысқаруына әкеледі. 2021-2022 оқу жылында 151 мектеп үш ауысымда жұмыс істеген болса, алдағы оқу жылында мұндай мектептер саны 127 болады деп күтіліп отыр. Бұл туралы Halyk Uni ақпарат агенттігінің ресми сауалына Оқу-ағарту министрлігінің берген жауабынан белгілі болды.
"Бес күндік оқыту ата-аналардың өтініші бойынша қабылданды. Алайда сенбідегі оқу сағаттары бес күнге ауысып, кестеде 7-8 сабақ пайда болды, оқушыға жүктеме едәуір артты. Бұл екі, әсіресе, үш ауысымда оқитын балалар мен мектептер үшін қиындық болды, себебі күнделікті сабақтар кешкі сағат сегізге дейін созылды" делінген ресми жауап хатта.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда мектептегі оқу жылы екі аптаға ұзарады
Оқу-ағарту министрлігінің оқушылар демалысын қысқарту бастамасы үш ауысымда білім беретін мектептер санын азайтуды көздемейді. Дегенмен, ол үш ауысымда оқытатын мектеп оқушыларының мектептен үйге ертерек әрі қауіпсіз жетуіне жағдай жасайды.
Министрліктің оқу ұзақтығын арттыру бастамасы іске асса, соңғы қоңырау әдеттегідей 25 мамырда емес, 31 мамырда соғылады. Сонымен бірге, оқу аптасы 34 аптадан 36 аптаға ұзартылғандықтан, оқу жоспары да, оқу бағдарламасы да өзгереді.
"Мысалы, аптасына 34 аптада математика аптасына 4 сағаттан 136 сағат оқытылса, 36 оқу аптасында 144 сағатқа артады. Қазақ тілі мен әдебиеті 170 сағаттың орнына аптасына бес сағаттық жүктеме кезінде 180 сағат оқытылады" делінген ресми хабарламада.