Бір жыл ішінде қазақстандықтардың азық-түлікке жұмсайтын ақшасы – 12%, азық-түлік емес тауарларға – 24%, ал ақылы қызметтерге 35% өсті. Осы жылдың екінші тоқсанында жан басына шаққандағы шығыс 197,6 мың теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 18,5% көп, деп хабарлайды finprom.kz сайты. 

2020 жылдың осы кезеңінде шығыс 166,7 мың теңгені құраған еді, бір жылда 4,8% өскен.

Ең көп шығыс келесі өңірлерде тіркелді:  

  • Алматыда жан басына шаққанда – 275,5 мың теңге, бір жылда 17,7% өскен;
  • Қарағанды облысы – 247,2 мың теңге, бір жылда 22% өскен;
  • Павлодар облысында – 237,3 мың теңге, бір жылда 30% өскен.

Ал керісінше ең аз шығыс Түркістан облысында тіркелді – 133,7 мың теңге, өткен жылмен салыстырғанда 25% көп.

Тұрғындар шығысының 92,7%-ын тұтынушылық өнімдерге жұмсаған – 183,2 мың теңге, өткен жылмен салыстырғанда 18,6% көп. Сондай-ақ, азық-түлік тауарларына – 105,6 мың теңге, азық-түлік емес тауарларға – 45,2 мың теңге, ақылы қызметтерге – 32,4 мың теңге жұмсады.

Биыл туыстар мен таныстарға көмек, алимент төлемдері – 25,3%, 4 мың теңгеге дейін өсті. Ал салық пен басқа төлемдер – 47,5%, 205 теңгеге дейін; қарыз бен несиені өтеу – 14,5%, 10,2 мың теңгеге дейін артты.