Биыл кино түсіруге мемлекеттен 5,6 млрд теңге бөлінеді
Әлеуметтік маңызы бар фильмдерге 4,95 млрд теңге қарастырылған.Биыл Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы өткізген байқау қорытындысы бойынша 62 киножоба қаржыландырылады, деп хабарлады Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметі.
Оның ішінде 18 толық метражды, 19 деректі, 17 қысқа метражды және 8 анимациялық фильм түсірілмек. Ол үшін мемлекеттен 5,6 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылады. Оның ішінде әлеуметтік маңызы бар және анимациялық фильмдерге 4,95 млрд теңге бөлінеді. 500 млн-ге жуығы – "дебют" санаты бойынша өтетін фильмдерге, тағы 129,5 млн теңге – кең аудиторияға арналған фильмдерге, 25 млн теңге бірлесіп шығарылған фильмдерге жұмсалады.
Биылғы жылы киножобаларды қорғауға 208 өтінім қабылданған. Оның 122-сі – толықметражды фильм, 86-сы – қысқаметражды фильм. Жобаны қорғау процесі онлайн трансляцияланды.
Сараптама кеңесінің төрағасы Досхан Жолжақсыновтың айтуынша, биыл монументалды жобалар азайтылған. Орнына шығармашылық жолын енді бастаған кинемотографистердің бюджеттік жобасына басымдық беріліп отыр.
Айта кетейік, 2019 жылы 17 киножоба, ал 2020 жылы 39 фильм қаржыландырылған болатын.
Оқи отырыңыз:
Жаңаөзендегі жалғыз кинотеатр жабылу алдында тұр
Қазақстанда "Кішкентай самурай" жапон-қазақ фильмі түсіріліп жатыр