Биыл Covid-19 жұқтырған медицина қызметкерлерінің саны 2 есе азайды
Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінде қызмет ететіндердің 95 пайыздан астамы еке алған.2020 жылы Covid-19 жұқтырған медицина қызметкердің саны – 13 565 (КВИ+) және 3 885-ті (КВИ-) құраса, 2021 жылы бұл көрсеткіштер 6 004 (КВИ+) және 326 (КВИ-) мәндеріне ие. Информбюро порталының ресми сұраухатына жауап берген Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі медицина қызметкерлері арасында коронавирусты жұқтыру қаупі өткен жылмен салыстырғанда төмендегенін мәлімдеді.
"2021 жылғы 1 ақпаннан бастап халықты және денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерін жаппай вакцинациялау басталды және ағымдағы жылғы 26 мамырдағы жағдай бойынша медицина қызметкерлерінің 93,5% вакцинацияланды, оның ішінде 217 мың адамнан 203 мың медицина қызметкері", – делінген министрліктің жауабында.
Оқи отырыңыз: Денсаулық сақтау министрлігі 1 қазаннан бастап қай медицина қызметкерлері үстеме ақы алатынын жариялады
Сондай-ақ, биылғы жартыжылдықта медицина қызметкерлеріне 106,2 млрд. теңге сомасында үстемеақы төленгені белгілі болды. Ал 2020-2021 жылдары орташа есеппен 51 мың қызметкерге үстемеақы төленген.
Айта кетейік, эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізуге тартылған медицина қызметкерлеріне үстемеақы мөлшері тамыз-қыркүйек айларында 50%-ға төмендетіліп, 1 қазаннан бастап бұл төлем жүйесі күшін жояды.