Биыл вегетациялық кезеңде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер құрғақшылыққа және суармалы судың болмауына байланысты бірқатар проблемаға кез болды. Бұл дақылдардың жай-күйіне әсер етті, деп мәлімдеді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.

Облыс әкімдіктерінің жедел дерегі бойынша бүгінде дәнді дақылдар егісінің 45,1 пайызы (7,8 млн га) жақсы, 46 пайызы қанағаттанарлық (8 млн га) және 7,5 пайызы нашар жай-күйде (1,3 млн га). Бұл ретте 181 мың гектар немесе астық дақылдарының 1 пайызы жойылған.

"Мұндай жағдай негізінен Павлодар облысында болып отыр. Көрсеткіш орташа көп жылдық көрсеткіштен 2,4% төмен. Салыстырмалы түрде құрғақ деп саналған 2021 жылы дақылдардың 3,8 пайызы жойылған. Сондай-ақ, Қырғыз Республикасы жағынан судың аз келіп түсуіне байланысты шамамен 7,8 мың гектар зардап шекті. Оның ішінде қант қызылшасы сияқты әлеуметтік маңызы бар дақылдың алаңы 1,2 мың гектарды құрайды", – деді министр. 


Оқи отырыңыз: Вьетнамның ең ірі конгломераты Қазақстанда сауда-логистикалық орталық салады


Мұнымен қатар, Ербол Қарашөкеев ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер егін жинау жұмыстарын уақтылы жүргізуі үшін 426 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінгенін хабарлады. Оның ішінде 58 мың тонна азық дайындау жұмыстарын жүргізуге бөлінді.

"Дизель отынының бұл көлемі ҚР Энергетика министрлігімен келісіліп, бекітілген. Барлық шығыстарды ескере отырып, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін орташа баға литріне 250 теңгені құрайды, бұл нарықтық бағадан 15 пайызға төмен. Жедел штабтың екі отырысының қорытындысы бойынша әкімдіктерге азық дайындауды субсидиялауға қосымша қаражат бөлу тапсырылды", – деді министр. 

Нәтижесінде жедел ақпарат бойынша әкімдіктер бұрын бекітілген 11,7 млрд теңге субсидия көлеміне қосымша 10,1 млрд теңге бөлуді жоспарлап отыр.