Астанада Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Прокурор Айжан Аймағанова мәйітті тексеру хаттамасын оқып берді.

Салтанаттың ағасы Айтбек Амангелді мәйіт көрсетілген видео мен фотоларды көпшілікке көрсетпеуді өтінді, бірақ Қуандық Бишімбаев пен оның адвокаттары бұған қарсы болды. Судья Айжан Құлбаева мәйіттің фотолары мен видеоларын тек алқабилер мен басқа да сот қатысушыларына көрсетуді ұйғарды.

Айжан Аймағанова хабарлағандай, марқұмның денесін тексеру 9 қараша күні сағат 21.40-та басталып, 23.20-да аяқталды.


Оқи отырыңыз: Прокурор: Бишімбаев телефонының құпия сөзін айтпай қойды, ол тергеуге көмектескен жоқ


"Қолының шынтақ тұсы қайырылған. Денеден алыс жатыр. Аяғын созып, жазып жатыр. Өлі дене сіресіп қалған. Дененің артқы бөлігі мен жаны жағындағы, аяқ-қолындағы мәйіт "дақтарын" бассаңыз, бірден жоғалады. Басында жарақаттары бар, бас терісінде, самай, желке және самай аймақтарында қан кеткен", – деп оқып шықты Аймағанова.

Прокурордың айтуынша, бастың шаш өскен жері де қанға малынған.