Қырғызстан астанасы Бішкекте Қазақстанның мәдениет күндері аясында Абай үйі ашылды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, ақын Мақпал Мыса жазды.

Мәдени мұрамызды танытумен алыс-жақын шет елдердегі қазақ диаспоралары және отандастармен мәдени-гуманитарлық және іскерлік байланысты нығайтуға бағытталған Abai Uii қазақ мәдени-іскерлік үйлерінің желісін құру Nur Otan партиясы сайлауалды бағдарламасының бірегей жобасы.

"Бұл жоба екі мемлекеттің шығармашылық, мәдени-ағарту, ғылыми, кәсіби және спорт ұйымдары арасында байланыс орнатуға, ынтымақтастықты кеңейтуге жол ашады. Шетелдегі отандастардың ұлттық-мәдени және зияткерлік әлеуетін дамытуға, оның ішінде қазақ тілін оқып үйренуіне қолдау көрсетпек", – деп жазды Мақпал Мыса.

Бұл жобаға жауапты Мәдениет және спорт министрлігі мен "Отандастар" қоры алдағы уақытта Германия мен Ресей мемлекеттерінде Абай үйін ашуды жоспарлап отыр.