Бірыңғай уақыт белдеуіне көшкен 2 ай: Қазақстандықтар оның пайдасын сезді ме
Еліміздегі кейбір тұрғын таңертең тұру оңайырақ болғанын атап өтсе, басқалары жақсы жаққа өзгеріс болғанын байқамаған.Екі айға жуық уақыт бойы қазақстандықтар біртұтас уақыт белдеуінде өмір сүріп жатыр. 1 наурызға қараған түні 13 облыс пен республикалық маңызы бар үш қала сағаттарды бір сағатқа артқа жылжытты. 31 арна тілшісі қазақстандықтар бұл уақыт белдеуіне бейімделе алды ма, ел экономикалық пайда көрді ме, жоқ па – анықтап көрді.
Бірыңғай уақыт белдеуіне көшу арқылы үкімет циркадтық ырғақтарды тұрақтандыруға, ұшақтар кестесінің дәлдігіне, банк операцияларына және бизнес-процестердің тұрақтылығына уәде берді. Бұл ретте кейбір қазақстандықтар таңертең тұрудың жеңілдеп қалғанын атап өтсе, енді біреулері жақсы жаққа өзгерісті байқамаған.
Мұғалім Бағлан Бөгенаев уақытты өзгертудің денсаулыққа пайдасы туралы ешқандай дәлел таппады. Ұйқыны реттейтін мелатонин гормонының өндірісі, керісінше, жұмысын дұрыс істей алмай қалғанын айтты. Гормон қараңғыда өндіріледі, ал уақыт белдеуі өзгергелі адамдар төсекке жайырақ жатып, күн шыққаннан кейін әлдеқайда кеш оянады.
"Біз күні бойы жұмыстамыз. Адамдар күн сәулесі түспейтін ғимаратта отырады. Кешке жұмыстан шыққан кезде күн ұясына батып кетеді, сондықтан олар күн сәулесін көрмейді. Ал күн сәулесінің жетіспеушілігі адамдарды күйзеліске ұшыратады", – деді мұғалім.
Уақыт белдеуі өзгеруінің игілігін кәсіпкерлер де көрмеді. Жылыжай қожайыны Светлана Трушина жұмыс күнін бір сағатқа ұзартып, жұмысшыларына көбірек жалақы төлеуге мәжбүр болған.
"Олар бір сағат бұрын тұрып, жылыжайды ашып, өсімдіктерді суарады. Жұмысшыларымды үйлеріне ерте жібере алмаймын. Көбі үйлеріне күн ұясына батқан соң қайтады", – деді Светлана Трушина.
Оқи отырыңыз: Бір уақыт белдеуіне көшу: 1 наурыздан бастап Қазақстанда не өзгереді?
Бағлан Бөгенаев қазақстандық ғалымдар уақыттың өзгеруінің ағзаға әсері туралы ешқандай зерттеу жүргізбегенін айтты. Еуропада жұмыс күні 7.00-де басталады, бірақ 15.00-16.00-де аяқталады. Олай болса біздің елде де жұмыс шығыста сағат 7.00-де, орталықта 8.00-де, батыста сағат 9.00-де басталуы керек.
Наразы қазақстандықтар біртұтас уақыт белдеуіне көшуге қарсы петиция жазуды қайта бастады. Жаңа уақытты жоюға қазірдің өзінде 17 мыңнан астам адам дауыс берді.