Мәжілістегі Amanat партиясы фракциясының жиынында партия төрағасы Ерлан Қошанов алғаш рет қылмыс жасаған есірткі курьерлерінің жазасын жеңілдету мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Оның айтуынша, Бүгінде есірткі қылмысы үшін сотталған 4 мыңнан астам адамның 1300-ге жуығы есірткі жасырушылар саналады.

"Олардың арасында жасөспірім балалар, қаржы қыспағына іліккен жастар көп. Аталғандардың алды 10 жылдан астам бас бостандығынан айырылып отыр. Шынында, оларды осы заңсыз іске тартқан есірткі өндірушілер мен "закладчик" жеткізушілердің жазасы пара-пар емес. Сондықтан Мемлекет басшысы айтқандай, олардың әрқайсын бөлек қарап, жазаларының деңгейін заң жобасының екінші оқылымына дейін қарастыру қажет. Бұл ретте есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар құқық қорғаушыларды наркобарондарға теңестіруді және оларға өмір бойы бас бостандығынан айыруға дейін ең ауыр жаза қолдануды ұсынамыз", – деді ол.


Оқи отырыңыз: 


Ерлан Қошанов Қазақстан есірткіні заңсыз тұтыну деңгейі жоғары елдердің қатарына кіретінін айтты. Жыл басынан бері 1 тоннадан астам "синтетика" тәркіленді. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 56%-ға артық. Партия басшысы есірткі қылмыскерлері жаңа ақпараттық технологияларды белсенді қолданатынына назар аударып, кибербақылау жүйесін күшейту мәселесі аса маңызды екеніне назар аударды. Сонымен қатар, халық арасында, әсіресе жастар арасында түсіндіру жұмысы айтарлықтай "ақсап" тұр.

"Жас азаматтар жеңіл жолмен ақша табуды ойлап, тағдырына балта шабады. Олар есірткі таратқаны, "закладка" жасырғаны үшін 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылу қаупі бар екенін білмей, бас бостандығынан айыру орындарына түседі. Өткен апта басында "Закладка" деректі фильмі жарыққа шықты. Оны осы уақыт аралығында миллиондаған адам тамашалады. Мұндай фильмдер мектептерде, колледждерде және университеттерде көрсетіліп, есірткінің қаупін ескерту керек. Мектептен үнемдегендер түрме тұрғызады деп бекер айтылмаған. Бүтіндей бір ұрпақтың шыңырауға құлауына жол беруге болмайды", – деді Ерлан Қошанов.