Қарағанды қаласының тұрғыны, көпбалалы ана Дариға Қазанғапованың жеке шотына бар болғаны 122 теңге атаулы әлеуметтік көмек түскен. Бұл – техникалық қате емес, көмек мөлшерінің дұрыстығын қалалық әлеуметтік төлемдер секторының өкілдері растап отыр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Дариға Қазанғапова көпбалалы ана ретінде жыл басында мемлекеттен 125 мың теңге көлемінде АӘК алып отырған. Алайда жазда жолдасымен бірге үйінің бақшасына картоп еккен. Міне, бұл отбасылық табысқа әсер етті деген әкімдік қызметкерлері отбасын жәрдемақыдан айырған. Кейін Дариға атаулы әлеуметтік көмек алуға тағы өтініш білдіреді. Желтоқсан айындаотбасының әрбір мүшесі үшін 20 теңгеден есептеліп, барлығына 122 теңге көлемінде жәрдемақы тағайындалған.

"Одан да бермей-ақ қойғандары дұрыс еді. Бұлай бізді мазақ қылғанша, өтінішімнің қанағаттандырылмағаны жақсы еді. 122 теңгеге бір нан да келмейді ғой", – дейді Дариға Қазанғапова.


Оқи отырыңыз: 2021 жылдан бастап зейнетақы, жәрдемақы, әлеуметтік төлемдер қаншаға өсті? Түсіндірме


Қарағанды қаласы әлеуметтік төлемдер секторының меңгерушісі Лариса Харитонова көмек сомасының дұрыс есептелгенін растап отыр. Түсіндіруінше, бұл отбасына мемлекеттен әртүрлі көмек берілгендіктен, база 120 теңгені автоматты түрде есептеп берген.

"Азаматшаның жолдасы еңбекпен қамту бағдарламасымен жұмысқа орналасты. Сондықтан оның жалақысы мен балаларға берілетін жөргекақысы есептелді. Сондай-ақ, бұл отбасы екі әлеуметтік жолақы картасын қолданады. Осы себептерге байланысты 120 теңгеге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Әр отбасының мүшесіне 20 теңгеден берілді", – дейді Лариса Харитонова.

Биыл атаулы әлеуметтік көмекке бюджеттен 70 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. Көмек 974 мың адамға тағайындалған.