Білім министрі: Бізде жабылуы тиіс жоғары оқу орындарының "қара тізімі" жоқ
Асхат Аймағамбетов университеттердің қандай жағдайда лицензиясынан айырылатынын түсіндірді.Қазақстанда 2020-2021 жылдары аралығында 15 жоғары оқу орны жабылды. Дәл қазір елде 120 университет студенттерге білім беріп жатыр. Осы орайда ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов сапасыз ЖОО-ларды жабу жұмыстарының әрі қарай да жалғасатынын айтты.
"ЖОО-ларды жабу – науқан емес, жүйелі жұмыс. Ал бізге керегі – сапалы білім беру. Егер сапалы білім бергіміз келсе, жүйелі бастамаларды іске асыруымыз керек. Студенттер сабағына бармайтын, ешқандай базасы, мұғалімі, сапасы жоқ университтерді жабу жұмыстарын бастадық, жүргіздік, әрі қарай да жалғастыратын боламыз. Жабылған 15 университеттен бөлек, 63 ЖОО-ның 500-ден астам лицензиясын қайтарып алдық. Мысалы, педагогтерді дайындайтын 86 университеттің 30-дан астам лицензиясын қайтарып алған соң, қазір 50-ге жуығы жұмыс істеп жатыр. Маған университеттер саны 106 болса да мейлі, бастысы сапасы болсын. Сондай-ақ, "белгілі бір университеттерді жабуымыз керек" деген меже де жоқ. Қара тізім де, жалпы тізім де болған емес", – деді Асхат Аймағамбетов.
Оқи отырыңыз:
- Аймағамбетов: "Болашақпен" білім беретін ЖОО қатары ресейлік 5-10 университетке артса, бұл қауіп емес, мүмкіндік
- 2022 жылы техникалық мамандықтарға грант саны 40-тан 60 пайызға дейін артады
- "Қазақстан тарихы" бойынша мәтін сұрақтар. Биылғы ҰБТ сынағының ерекшеліктері қандай?
Әрі қарай министр ЖОО жабылмас бұрын, бірнеше мәрте тексеріс жүріп, кемшіліктермен жұмыс істеуге уақыт берілетінін айтты. Тек үш тексерістен кейін нәтиже шығармаған ЖОО-лар ғана лицензиясынан айырылады.
"Университеттер біздің электрондық базаға көрсеткіштерін өз қолымен өзі енгізеді. Біз соған мониторинг жүргізіп, кемшілік болған жағдайда алдын ала тізімге кіргізіп, прокуратураға тіркеп, "келер жылы осы университетке келіп тексеріс жүргіземіз" деп алдын ала хабарлаймыз. Араға бір жыл салып нақты бұған дейін анықталған кемшіліктерді тексереміз. Осы кезде тағы кемшіліктер анықталса немесе бұған дейін анықталған кемшіліктер бойынша жұмыс жүргізілмеген болса, тағы белгілі бір уақыт береміз. Екінші ретте де дәл солай. Ал егер үшінші рет тексеріс болғанда кемшіліктер толығымен түзетілмеген болса, онда университеттің лицензиясын қайтарып аламыз. Яғни науқан секілді аяқ астынан келіп, түсініксіз көрсеткіштер бойынша тексеріс жүргізбейміз", – деді Асхат Аймағамбетов.
Сондай-ақ, министр жабылған ЖОО-лар арасында медицина саласы бойынша білім беретін университеттердің барына тоқталды. Айтуынша, жабылған ЖОО-да басқа университеттерден оқудан шығып қалған студенттер білім алған.
"Біз жапқан медициналық университетте студенттердің көбісі басқа сапалы білім беретін медициналық университетте оқи алмай, кейін оқудан шығып қалған азаматтарды жинап алып диплом беріп отырған. Барлығына мұндай жағдайлар басқа жүйеде немесе өзге мемлекетте болып жатқандай көрінеді. Бірақ ертің дәл сол дәрігерлерге кім барады? Біз, біздің балаларымыз, туған-туыстарымыз, көршілеріміз", – деп алаңдаушылық білдірді министр.
Еске салсақ, білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 2022 жылы техникалық мамандықтарға грант саны 40-тан 60 пайызға дейін артатынын мәлімдеген еді.