Елдегі ЖОО-ларда көктемгі семестр 24 қаңтарда басталады. Сәйкесінше шетелден уақытылы келе алмай жатқан студенттер үшін ЖОО-лар икемді кесте бойынша жұмыс істейтін болады, деп мәлімдеді БҒМ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директоры Әділет Тойбаев.

"Жалпы шетелдегі азаматтарды, соның ішінде студенттерді қайтадан Қазақстанға қайтару мәселесімен сыртқы істер министрлігі айналысып жатыр. Ал оқуға қатысты әр ЖОО-ның өзінің академиялық саясаты бар. Сәйкесінше, шешім қабылдауға қатысты академиялық бостандығы да бар. Яғни әрбір ЖОО осы факторды ескере отырып белгілі бір икемді кесте бойынша жұмыс істейтін болады", – деді Әділет Тойбаев. 


Оқи отырыңыз: Қосымша білім беру ұйымдарында шектеуге орай сабақ өтпеген ұстаздардың жалақысы сақталады


Сондай-ақ, ол жоғарғы оқу орындарында көктемгі семестрдің 24 қаңтарда басталатынын айтты. 

"Бұл ретте, жоғары оқу орындары каскадтық әдісті қолдана алады, яғни студенттердің жинақталуын барынша азайту үшін оқуды бастау оқу курсына/оқу бағыттарына байланысты 24 қаңтар мен 6 ақпан аралығында кезең-кезеңімен ұйымдастырылуы мүмкін. Мысалы, 1-курс студенттері үшін оқу 24 қаңтарда басталса, 2-курс студенттері – 31 қаңтардан, 3-4-курс студенттері үшін 7 ақпаннан бастап", – деп түсіндірді Әділет Тойбаев. 

Мұнымен қатар, ол көктемгі семестрде оқудың дәстүрлі және аралас форматта жүргізілетініне тоқталды. Атап айтқанда, жоғары оқу орнының шешімі бойынша оқу процесі толығымен дәстүрлі форматта немесе аралас форматта ұйымдастырылуы мүмкін, яғни дәрістер – онлайн, ал практикалық және семинар/зертханалық сабақтар – офлайн режимде өтеді. Студенттердің практикасы да офлайн режимде практика базаларында жүзеге асырылатын болады.

"Бұл ретте, өңірде тұрақсыз эпидемиологиялық жағдай туындаған жағдайда, 7 ақпанға дейін (немесе тиісті өңірдің бас санитарлық дәрігері белгілеген басқа да күндер) жоғары оқу орындары онлайн режимінде оқытуды бастап, одан кейін дәстүрлі/аралас оқыту форматына ауыса алады.Сондай-ақ, министрлікпен келісе отырып, 1-курс студенттері үшін оқу процесін онлайн форматта ұйымдастыруға рұқсат етіледі", – деп түсіндірді Әділет Тойбаев. 

СЭР талаптарын орындау үшін жоғары оқу орынның аумағына, оқу ғимараттарына, кітапханаларға және жатақханаларға кіре берісте Ashyq қосымшасын қолдану міндетті болып табылады. Тыныс алу жолдарының инфекциясының белгілері бар (жөтел, мұрыннан су ағу, дене температурасы 37-ден жоғары) адамдарды оқу корпустарына кіргізуге болмайды.