Бекшин: Алматылықтардың ұжымдық иммунитеті 34 пайызға жетті, төртінші толқын қыркүйекте бәсеңдеуі тиіс
Бүгінге дейін қала тұрғындарының 35,2%-ы екпенің бірінші компонентін, 24,2%-ы екінші компонентін алды.29 шілдедегі жағдай бойынша, Алматы тұрғындарының 35,2%-ы екпенің бірінші компонентін, 24,2% екінші компонентін алды. Жалпы қала тұрғындарының ұжымдық иммунитеті 34%-ды құрап отыр. Осы орайда санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Жандарбек Бекшин екпе алатындар саны көбейсе, төртінші толқынның қыркүйекте басылатынын айтты.
"Төртінші толқын басталғалыі қаладағы эпидемиологиялық ахуал күрделеніп барады. Өткен аптамен салыстырғанда КВИ жұқтыру жағдайы 1,4 есе көп тіркелді. Бастапқы 5 790 жағдайдан 8 393-ке дейін көбейді. 23 шілдеден бастап індеттің бір тәулікте тіркелуі мың жағдайдан асты, ал өткен тәулікте 1 450-ге дейін артты. Яғни осы айда 20 818 жағдай тіркелсе, жыл басынан бері жалпы ауырғандар саны 73 мыңға жетті. Шілде айында ауырғандар саны 27 мыңға жетеді деп болжаған болатынбыз. Алайда қазір реалистік болжаммен 7 мыңға жуық жағдайдың аз тіркелгенін көріп отырмыз", – деді қаланың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин.
Сондай-ақ, ол Алматы қаласында КВИ таралуының шарықтау шегі мен қай кезде бәсеңдейтіні туралы сөз қозғады.
"Толқынның шарықтау шегіне осы тамыз айында жетуіміз мүмкін деп болжап отырмыз. Ал қыркүйек айында керісінше төмендейтін болады. Бұған апта сайынғы болжамдарымыз дәлел. Қоздырғыштарға келер болсақ, 90 пайыз "Дельта" штамына тиесілі. Маусымның басында шамамен 11 күндей жағдай тұрақты болды. Кейін 15 маусымда төртінші толқын басталды. Болжаммен вирус таралуының шарықтау шегі 3-4 тамыздан бастап 10-12 тамыз күндері болады. Тағы да айтамын, төртінші толқын қыркүйек айында бәсеңдейді деп күтіп отырмыз. Сол себепті барлық күшімізді халықты вакциналауға жұмсап жатырмыз", – деді маман.
Сондай-ақ, эпидемиолог ЕуроОдақтағы көптеген мемлекетте халықтың 70%-ы вакцина алып, жағдай тұрақталғанын айтты.
Еске салсақ, жалған екпе паспортын пайдаланған 47 қазақстандықтың ұсталып, олардың төртеуі жазаланғаны туралы хабарлаған едік. Сондай-ақ, жалған құжат әзірлейтін алаяқтардың жолын кесу үшін құрамына 7 мемлекеттік орган өкілдері кіретін ведомствоаралық топ құрылды.