Bek Air ұшағы апатына қатысты тергеу нәтижелері жарияланды
Апат ұшақ әуеге көтерілген кезде қанатының күш түсетін қасиеттерінің симметриясын жоғалтуы нәтижесінде орын алғаны анықталды.2019 жылғы 27 желтоқсанда Алматы әуе айлағының аумағында Bek Air әуе компаниясының Fokker-100 әуе кемесіне қатысты ұшақ апатын тексеру жұмыстары аяқталды. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлады.
"ҚР әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" 2020 жылғы 15 шілдедегі №339-IV Заңға сәйкес ұшақ апатын азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган құрған комиссия тексерген.
Оқи отырыңыз: Үкіметтік комиссия: Bek Air ұшағына мұз қатуы – оның апатқа ұшырауының негізгі нұсқасы
"Бек Эйр" ұшағы апаты ұшақ әуеге көтерілген кезде қанатының күш түсетін қасиеттерінің симметриясын жоғалтуы нәтижесінде орын алғаны анықталды. Соның кесірінен ұшақ ұшу-қону жолағынан көтерілгеннен кейін фюзеляжға құлап, қар басқан топырақтың бетімен оңға қарай ауып кеткен. Одан кейін әуежайдың периметр бойынша қоршауын бұзып, аталған қоршаудан 9-10 метр қашықтықта орналасқан екі қабатты жеке меншіктегі құрылыс нысанына соғылған", – делінген министрлік мәлімдемесінде.
Комиссия қорытындысына сәйкес, ұшақ қанатының күш түсетін қасиеттерін жоғалтуының себебі жер үстіндегі мұзданудың әсері болуы ықтимал. Қорытынды есептің толық нұсқасы ИИДМ сайтында жарияланған.