Қазақстанда күнбағыс егетін шаруалар банкрот болудың алдында тұр. Айтуларынша, көбі былтыр алған өнімдерін әлі күнге дейін сата алмаған. Кәсіпкерлер мұны шикізат бағасының екі есеге төмендеп кетуімен түсіндіреді, деп хабарлайды 31 арнаның "Информбюро" бағдарламасы.

Жандос Мұрат - бір мың гектар жерге егін егіп, табыс тауып отырған шаруалардың бірі. Оның айтуынша, алқаптың жартысына күнбағыс сеуіп, жылда жақсы өнім алатын болған. Бірақ, былтыр Қазақстанда және әлемде өнім молынан шыққандықтан дүниежүзі бойынша шемішкенің бағасы екі есе төмендеп кеткен.  

"Адамдар жұмыссыз қалады. Бұл дегеніміз отбасын асырай алмайды және біздің қожалық жабылуға мәжбүр болады. Осы бөлшектер, тракторлар, саймандар, май, жанармай барлығы өте қатты қымбаттап кетті. Былтыр қымбаттағаннан әлі бағасы түспеді. Былтыр рубльге байланысты деп еді. Қазір рубль түсті, саймандар арзандаған жоқ",– деді шаруа Жандос Мұрат.

Күнбағыс егетін шаруалар осындай қиын шақта мемлекет қолдауына мұқтаж екендерін айтады. Олар үкіметтен қолдау көрсетуді, не баж салығын алып тастауды сұрайды.

"Біз Ресейдің қасында тұрмыз. Ресейден көп шикізат келеді. Олардың бағасы өте арзан. Неге? Өйткені технология көп... Олардың бағасы төмен болған соң біз олармен бәсеке жасай алмаймыз", – деді "Қазақстан фермерлер одағы" филиалының директоры Серік Байғалиев.


Оқи отырыңыз: Күнбағыс майы бір жылда 20 пайыз қымбаттады


Сауда министрлігінің өкілдерінің айтуынша, былтыр күнбағыстың егістік алқабы 1 миллион гектарға дейін ұлғайған. Яғни, шаруалар мемлекет қолдауын пайдаланып, кәсіптерін дөңгелетіп, тиісінше ішкі нарықты қолжетімді шикізатпен қамтып отыр. 

"Біз қазір квотаның орнына экспорт салығын енгіздік. Яғни, біз экспортқа тыйым салмаймыз. Баж салығын төлеп сыртқа сата беруге болады. Мұндағы мақсат – шикізат өзімізде қалуы керек. Сонда ғана шаруалардың экспортқа емес, елдің ішінде де өз өнімдерін сатуға мүдделі болады", – деді СИМ сыртқы сауда қызметі департаментінің басқарма басшысы Думан Малғаждаров.

Бірақ шаруалар Үкіметтің бұл пікірімен келіспейді. Жағдай осылай жалғаса берсе, күнбағыс өсіретін кәсіпкерлердің қатары күрт азайып кетуі мүмкін екенін айтты.