"Бауырына салу" фильмі "Оскар" сыйлығына ұсынылды
Режиссер Асхат Кучинчирековтің картинасы таяуда Алматыда өткен "Тұлпар" IV ұлттық премиясында "Үздік фильм" атанған болатын.Байқау шартына сәйкес, үздік атанған фильм тоқсан жетінші "Оскар" сыйлығына "International Feature Film" номинациясы бойынша ұсынылып отыр.
"Бауырына салу" – Асхат Кучинчирековтің алғашқы толықметражды фильмі. Картинаның тұсауы өткен жылы Сан-Себастьянда өткен кинофестивальде кесілді. Сондай-ақ, ол былтыр Азияның "Оскары" саналатын Asia Pacific Screen Awards (APSA) халықаралық киносыйлығында "Ең үздік жастар картинасы" аталымында жеңіске жетті.
Режиссер Асхат Кучинчиреков бұған дейін көпшілікке өзінің "Тюльпан", "Айка" (режиссері – Сергей Дворцевой) фильмдеріндегі рөлдерімен танылған еді. "Тюльпан" фильмі 2008 жылы өткен Канн фестивалінде "Ерекше көзқарас" аталымында жеңіске жетсе, "Айка" фильмі 2018 жылы "Оскар" жүлдесінің шорт-листіне енді.
Оқи отырыңыз: Режиссер Асхат Кучинчиреков: "Бауырына салу" – жалғыздық туралы картина
"Бауырына салу" фильмі әжесінің қолында өскен жеткіншектің оқиғасын баяндайды. Әжесі қайтыс болғаннан кейін ол өзінің ата-анасына оралуға және жаңа ортада өзіне бөтен адамдармен қарым-қатынас құруға мәжбүр болады. Режиссердің айтуынша, бұл туынды – қазақ халқының салт-дәстүріне деген ерекше құрмет.
"Бұл – менің жеке өмірімнен алынған оқиға. Мен де әжемнің қолында өстім, мені тәрбиелеген сол кісі. Осы мәселені жіті зерттедім. Мұндағы басты нәрсе – ата-ана мен баланың қарым-қатынасы. Ата-әжесінің қолында өскен кез-келген бала өз ата-анасын "әке" не "ана" деп атамайды. Неге олай? Сондай әрбір баланың ішінде "мені тастап кеткен" деген реніш бар. Фильмнің драматургиясы, баланың ескі отбасынан айырылғаннан кейін әлі де жаңа отбасын табу мүмкіндігі бар екенін көрерменге жеткізу", – дейді фильм режиссері Асхат Кучинчиреков.
Асхат Кучинчирековтің өзі бұл жобада режиссер, сценарист және продюсер ретінде жұмыс істеген. Түсірілім жұмыстары негізінен Алматы облысындағы Құйған және Тұйық ауылдарында жүрді. Фильмнің қоюшы-операторы – Жанарбек Елеубек.
"Бауырына салуды" мен шынайы фильм дер едім. Мұнда адамның болмысын қалай бар, солай көрсеткім келді. Арнайы стиль қуған жоқпын. Ешкімге еліктемей, қазақтың ауылында не бар, соны көрсетуді мақсат тұттым. Мысалы, көр қазу сахнасы немесе кейіпкерлердің балшық езіп, тұз таситын тұсы. Шын қаласақ, солардан да өзіміздің бір стильді шығаруға болады ғой?", – дейді режиссер Асхат Кучинчиреков.
"Бауырына салу" картинасының жанры – деректі драма. Ал, бюджеті – 88 миллион теңге. Фильм Ұлттық киноны қолдау орталығының қолдауымен түсірілген.
Айта кетейік, "Оскар" жүлдесінің "ең үздік халықаралық фильм" аталымының шорт-листі 17 желтоқсанда белгілі болады. Ал, номинанттар тізімі 2025 жылдың 17 қаңтарында жарияланады. Үшінші тур 11-18 ақпан аралығында өтеді. "Оскар" жүлдесін тапсыру рәсімі келесі жылдың 2 наурызына жоспарланған.
Бұған дейін "Оскар" жүлдесінің "ең үздік халықаралық фильм" аталымында Қазақстан атынан режиссер Сергей Бодровтың "Моңғол" фильмі (2007 жыл) номинант атанып, сынға түскен еді. Ал, "Келін" (2009 жыл) және "Айка" (2018 жыл) фильмдері шорт-листке енгенімен, номинант атанбады.