"Басты міндет – ауыл шаруашылығын жедел дамыту". БҚО ет пен сүт өндірісін ұлғайтып жатыр
Осы бағытта сүт өндіру және сүт өнімдерін қайта өңдейтін кәсіпорындар мен жұмыс жасап тұрған тауарлы сүт фермаларын ұлғайту, жаңадан шағын сүт фермалары мен сүтті бағыттағы ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерін құру бойынша біраз жұмыс атқарылып жатыр. Сондай-ақ, облыстағы сүт импортын төмендету мақсатында ірі кешендер іске қосу жоспарланып отыр.
"Бөрлі ауданы Пугачево ауылында орналасқан "Аманат" шаруа қожалығы 600 басқа арналған сүт фермасы құрылысын аяқтады. Ал Теректі ауданында Ringo-Milk ЖШС-мен сыйымдылығы 600 бас ІҚМ, тәулігіне 25 тоннаға дейін сүт өндіру мақсатында сүт тауарлы фермасын құру жобасы іске асырылуда. Тауарлы сүт фермаларынан өнімдер алдын-ала өңдеуден өткізіліп, сүт өнімдері толық өңделіп, өнімдер оралып жоғарғы сапалы түрде тұтынушыларға жеткізу көзделіп отыр", – деді БҚО Мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперация бөлімінің бас маманы Венера Төлегенова.
Жалпы облыста өндірілген сүт негізінен халықтың ішкі тұтынуы үшін пайдаланады. Ал, өңделетін сүт көлемі 15-20 мың тоннаны құрайды, бұл жалпы сүт өндірісінің 10-15%-ы.
"Қазақстан-2050" стратегиялық жоспарында Қазақстан ет пен сүт өнімдерін экспорттайтын өңірлік ірі елге айналуы тиіс екені айтылған болатын. БҚО-да 2021 жылдың қорытындысы бойынша 2054,1 тонна сиыр еті мен ет өнімдері және 242 тонна қой еті экспортталған.
"Негізінен ет Ресей, Әзербайжан, Армения, Түркіменстан, Қырғызстан және Иранға экспортталды. Жалпы, соңғы үш жылда облыстан 10 422,8 тонна ІҚМ еті және ет өнімдері және қой еті экспортталып, соның ішінде сиыр еті – 8 671,8 тоннаны, қой еті – 1 751 тоннаны құрады. Жалпы Батыс Қазақстанда 29,7 мың басқа арналған барлық инфрақұрылымдармен жабдықталған 13 мал бордақылау алаңы тіркелген. Сыйымдылығы 400 бастан жоғары" – деді Венера Төлегенова.
Ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің көлемін арттыру мақсатында бірқатар инвестициялық жобалар жүзеге асырылып облыс экономикасының дамуына үлес қосып келеді.
Мәселен, "Ет индустриясы" ЖШС және "Taskala-Et BKO" ЖШС, "Бәйтерек" ШҚ және "Боранбаев" ШҚ, "Сырым KZ" ШҚ 15 500 басқа арналған 5 бордақылау алаңы құрылысын аяқтады.
Сонымен қатар, 10 жылдан астам уақыт жұмысы тоқтап тұрған 8 640 басқа арналған бордақылау Yanaikino алаңының жұмысы жанданды. Бұдан басқа, облыста 2 мың бас ІҚМ мен 500 бас жылқы бордақылауға арналған алаңдардың құрылысы жүріп жатыр.