Бас прокурор: Қаңтар оқиғасы кезінде "Дикий Арман" ҰҚК пәрменімен әрекет еткен
Арман Жұмагелдиевке жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру жүктелген.Бас прокурор Берік Асылов Қаңтар оқиғасы кезінде "Дикий Арманның" Ұлттық қауіпсіздік комитетінің нұсқауымен әрекет еткенін хабарлады.
"Ол тәртіпсіздіктерді ұйымдастырып, адамдар тобын басқаруды өз қолына алып, билікке бұлтартпас талап қою үшін "халық кеңесі" дегенді құруы тиіс болған", – деді Берік Асылов.
Оқи отырыңыз: Бас прокурор Қаңтар оқиғасы кезінде қайтыс болғандар санын растады
Бас прокурордың айтуынша, оған Алматы қалалық мәслихатының экс-депутаты, сондай-ақ қылмыстық топтың белсенді мүшесі Махатов көмектескен, ол Алматыдағы "Қазақстан" қонақ үйіне келуші бандиттерді қаруландырған.
"Алайда олар жаппай наразылықты басқара алмады. Халық оларға ермеген. ҰҚК-нің бұрынғы төрағасының ұсталғаны туралы ақпарат алған соң, сенімді алиби жасау мақсатында, мародерлермен күресті желеу етіп, содырларға қала тұрғындарына шабуыл жасау тапсырылған. Сол үшін 6 қаңтарда олар қаланың әр жерінен 24 кездейсоқ адамды ұрлап кетіп, Ritz Carlton және "Қазақстан" қонақ үйлерінің паркингінде оларды ұрып-соғып, ұстап отырған. Кейін оларды қаланың шетіне апарып, ҰҚК қызметкерлерінің қарулы күзетімен контейнерде түнеткен", – деді Берік Асылов.