Бас прокурор "21+" фильмдер туралы: Мәдениет министрлігі заңның бұзылуына жол беріп отыр
2015 жылдан бері бірде-бір кинематографиялық қызмет субъектісі жауапқа тартылмаған.Кинотеатр бақылаушылары пайда табу мақсатында жасөспірімдердің ересектерге арналған фильмдерге кіруіне жол беріп отыр. Ал мәдениет министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар құқықтық мүмкіндігі бола тұра, заңбұзушылықтың жолын кесуге тырыспайды. Бұл туралы бас прокурор Берік Асылов мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында айтты.
Мәжіліс депутаты Мақпал Тәжмағамбетова кинотеатрларда "18+", "21+" санатына жататын фильмдер заң талабына сай, кешкі 22.00-ден бастап емес, 18.00-ден бастап көрсетіліп жатқанын сынға алған еді. Осы ретте ол бас прокурордан заң талаптарын бұзған мекемелерді тексеріп, тез арада жауапқа тартуды сұраған болатын.
Оқи отырыңыз: Қай кинотеатрлар +21 санатындағы фильмдерді көрсету уақытын сақтамайды?
Бас прокурор елдегі кинотеатрларда жас шектеуі бар фильмдерді көрсету кезінде заң талаптары қаншалықты сақталып отырғанын зерделеген. Нәтижесінде 21 жасқа толғандарға арналған "Пацанская история" фильмін Астана қаласындағы Еуразия Синема-7, Cinemax, Цезарь кинотеатрлары жəне Алматыдағы Арман киноорталығы рұқсат етілген уақыттан тыс көрсеткені анықталған.
"Осындай жағдай еліміздің басқа кинотеатрларында да байқалады. Кинотеатрлардың бақылаушылары пайда табу мақсатында кəмелетке толмағандарды жас шектеулері бар сеанстарға өтуіне жол беруі жоққа шығарылмайды", – деді Берік Асылов.
Оқи отырыңыз: Алматыда кино көру сауатын дамытуға арналған жоба басталды
Бас прокурор кинематография саласындағы мемлекеттік саясат пен ел аумағында фильмдерді прокаттау мониторингісі Мəдениет жəне спорт министрлігіне жəне жергілікті атқарушы органдарға жүктелгенін еске салды.
"Алайда министрлік пен жергілікті атқарушы органдар фильмдерді жалға алу мониторингісін жүзеге асыру үшін негіздер мен құқықтық мүмкіндік бола тұра, заңдылықты бұзушылықтардың жолын кесу шараларын қолданбайды", – деді Берік Асылов.
Айта кетейік, жас санаты бойынша фильмдерді прокаттау талаптарын бұзғаны үшін əкімшілік жауапкершілік көзделген. Оны астана, республикалық маңызы бар қала, облыс пен ауданның əкімі мен оның орынбасарлары қолдануға құқылы.
Оқи отырыңыз: Әлем елдері қайтсе қазақ фильмдерін сатып алады? Режиссер Ардақ Әмірқұловпен сұхбат
"Алайда мұндай əкімшілік құқық бұзушылықтар үшін кинематографиялық қызметтің бірде-бір субъектісі 2015 жылдан бері жауапқа тартылмаған. Жоғарыдағы мəн-жайларды назарға ала отырып, Бас прокуратураның хатының негізінде үкімет жергілікті атқарушы органдарға, Мəдениет жəне спорт министрлігіне кинематография саласында қажетті шаралар қабылдау туралы тапсырма берді", – деп жазылған бас прокурордың жауабында.
Еске салайық, Қазақстанда "18+" және "21+" жас санатына арналған фильмдерді тек сағат 22:00-ден таңғы 06:00-ге дейін көрсетуге болады.