Бас прокуратура: Қаңтар оқиғасына қатысқан 585 күдікті қамауда отыр
Бүгін аталған санат бойынша тергеу органдарында 5 041 қылмыстық іс бар.Жаппай тәртіпсіздіктер мен терроризм актілері Алматы, Шымкент қалалары, Ақтөбе, Атырау, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында болды. Әрбір өңірде тергеу топтарымен тергеу әрекеттері жүргізіліп, олардың аяқталуына қарай қылмыстық істер сотқа жолдануда, деп мәлімдеді бас прокуратураның бірінші қызмет басшысының орынбасары Елдос Қилымжанов.
"Бүгін аталған санат бойынша тергеу органдарында 5 041 қылмыстық іс бар. Олардың ішінде жаппай тәртіпсіздіктер бойынша – 49 іс, терроризм актілері бойынша 45 іс бар. Шымкент қаласының прокуратурасы мүлікті қиратып, жойып және автокөліктерді өртегені үшін 8 күдіктінің ісін сотқа берді. Сондай-ақ Қызылорда облысында осы секілді 7 адам кінәсін мойындап, ісі сотқа жіберілді", – деді Елдос Қилымжанов.
Прокуратура өкілі мұндай істердің сотта қаралу ерекшелігі барын атап өтті. Айтуынша, күдікті айып, дәлел және келтірілген залалмен дауласпаған, жаза түрі және мөлшерімен келіскен жағдайда онымен кінәні мойындау туралы келісім жасалады. Әрі қарай іс сотта 10 тәуліктен аспайтын мерзімде қаралып, жаза мөлшері осы баптың санкциясындағы ең жоғары мерзімнің жартысынан аспайды.
Оқи отырыңыз: Қаңтар бүлігіне қатысқандарға қанша ақша төленген?
"Аталған рәсім бойынша 3 адамға қатысты үкім шығып, сәйкесінше бас бостандығынан айырудан басқа жаза тағайындалды. Мұнымен қатар, қаңтар оқиғасы бойынша 265 қылмыстық іс сотқа жолданып, 243 адам сотталды. Қазіргі уақытта 585 күдікті қамауда отыр", – деді Елдос Қилымжанов.
Әлі күнге дейін қамауда отырған күдіктілер ғимаратты өртеу, қирату, қару жымқыру, мемлекеттік және құқық қорғау органдары ғимараттарына қарулы шабуыл жасауға белсенді қатысқан, деді прокуратура өкілі.
"Әрбір қамалған күдіктінің осы қылмыстарға қатысы бар жөнінде жеткілікті мәліметтер бар", – деп қосты Елдос Қилымжанов.
Оқи отырыңыз: Қазақстанның қай өңірінде жиі қылмыс жасалады?