Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы "Иман" журналында жарық көрген мақаласында әлеуметтік желіде дән мен дәстүрді бір-біріне қарсы қоятындарды тағы сынға алды. 

Оның айтуынша, соңғы кездері әлеуметтік желіде кейбіреулер діни және ұлттық құндылықтарға тіл тигізіп, қоғам арасына бүлік салып, алауыздық тудыратындар көбейген.

"Олардан бөлек, қоғамда дін мәселесіне қатысты көптеген пікірлер айтылуда. Соның ішінде дәстүрлі дініміз бен жат ағымды бір санатқа жатқызып, айыптайтындар да аз емес... Дәстүріміздің дінімізде алар орны ерекше. Ислам діні халық ұстанған дұрыс әдет-ғұрыптарға тыйым салмаған. Өйткені сан ғасырдан бері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан салт-дәстүрлер құқықтық нормалар бастауларының бірі саналады. Ғұрыппен әмір ету – шариғатымыз рұқсат берген істің бірі... Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Исламға дейін әдет-ғұрыптан пайда болған, яғни өмірдің өзі туғызған шариғат негіздеріне қайшы келмейтін дәстүрге тыйым салмады. Сондай-ақ адамзат баласын бір-бірінің ұлты мен нәсіліне, ұлттық құндылықтарына тіл тигізбеуді өсиет етті. ", – деді бас мүфти.


Оқи отырыңыз:


Бұл орайда ол ҚМДБ 2024 жылды "Ислам және дәстүр құндылығы жылы" деп жариялағанын еске салды. Сондай-ақ, Наурызбай қажы Тағанұлы бұл мәселелерді шешу мақсатында биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ғылыми-зерттеу орталығы ашылатынын құлаққағыс етті. 

"Қоғам арасына іріткі салғандардың идеологиясына халықтың қарсы қорғанысын қалыптастыру – кезек күттірмейтін мәселе. Бұл кешенді іс-шаралар мен жүйеліджұмыстарды талап етеді. Осыған орай биыл Діни басқарма жанынан ғылыми-зерттеу орталығын ашамыз. Аталған ғылыми орталықтың негізгі мақсаты – қазақ топырағынан шыққан дін ғалымдарының еңбектерін зерттеу және жарыққа шығару, сонымен қатар қазақ ақын-жазушыларының, жырауларының еңбектеріндегі дін тақырыптарын жинақтап, кеңінен түсіндіріп, халқымызға жеткізу", – деді ҚМДБ төрағасы.