Бас мүфти: Әлеуметтік желілерде өз бетінше діни пәтуа беретіндер көбейді
ҚМДБ басшысының айтуынша, мұндай құбылыстар елдегі діни ахуалға теріс әсерін тигізеді.Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Астанада өткен "Ислам және дәстүр құндылығы" шарасында әлеуметтік желідегі дін тақырыбындағы талқылаулардың қаупі туралы айтты.
"Қазіргі таңда қоғамда, әлеуметтік желілерде дін тақырыбы жиі қозғалатын болды. Әсіресе әлеуметтік желілерде өз бетінше пәтуа беріп, халықтың наразылығын тудыратын жағдайлар жиіледі. Мұндай құбылыстар елдегі діни ахуалға теріс әсерін тигізетіні анық. Сондықтан бұл бағытта де белсенді жұмыс атқаруымыз керек. Әлеуметтік желі қолданушыларының басым бөлігі – әйелдер қауымы. Сондықтан менің тапсырмама сай мүфтият жанындағы Әйел-қыздар секторы белсенді жұмыс тәртібіне көшті", – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Бас мүфтидің сөзінше, әйел-қыздар секторы 2023 жылы белсенді жұмыс атқарған. Республика бойынша мешіттер жанындағы діни сауат ашу курстарына қатысып, уағыз-насихат жұмыстары жүргізіліп, семинарлар, білім сайысы, қайырымдылық шаралар, мәдени шара, шеберлік сағаттары және түрлі спорттық шаралар секілді қоғамдық-мәдени бағыттарда да жалпы саны 10 986 шара атқарылып, 408 828 адам қамтылған.
Оқи отырыңыз: Шағбан айы басталды. Бұл айда оразаға қалай дайындалу керек?
"Бәріміз де – қоғамның бір бөлшегіміз. Сол себепті қоғамда болып жатқан жақсылы-жаманды оқиғалардың бәрі бізге оң және теріс әсерін тигізеді. Сондықтан қоғамдағы теріс әрекеттерді бәріміз бірігіп түзетуіміз қажет", – деді ҚМДБ төрағасы.